Эсселер ✍️

  18.02.2022
  1735


Автор: Алғыс айту күні

Көп рахмет, алғысымыз шексіз! 1-наурыз — «Алғыс айту күні»

Ия, «көп рахмет, алғысымыз шексіз» — деп басталатын бұл жазбада 1-наурыз — «Алғыс күні» жайлы айтқымыз келіп отыр. Яғни, алғыс айту — адами құндылық, адамгершілік болса сол адамгершілікпен ұштасып жатқан «сыйластық» деген ұғым басты назарда болады. Алғыс айту — осы сыйластықтың айқын көрінісі іспеттес. Алғыс айту арқылы өзіңнің ішкі жан дүнеңнің тазалығын, пәктігін көрсетіп, айналадағы жаныңа жақын жандарды қуанышқа бөлейтінің сөзсіз.
Алғыс айту — сонымен қатар, адамдар арасындағы бір-біріне деген құрметін, ризашылығын білдіреді. Осының арқасында сыйластықтары жанданып, бір-біріне деген сенімділіктері арта түседі. Бұл әрине көңілге қуаныш ұялатады. Қарап отырсақ қателеспейтін адам жоқтың қасы, пендешілікке салынып кейде жанымызға жақын жандарды қуантудың орнына ренжітіп, көңіліне қаяу саламыз. Бұның бәрі бір сәттік ызалану, ашудан туады. Ол адамның жасаған жақсылығын бір сәт ұмытып, теріс ойдың жетегіне еретініміз жасырын емес. Дәл осы сәтте бізге сабырлық ауадай қажет. «Сабыр түбі сары алтын» деп жайдан жай айтылмаса керек-ті. Дей тұрғанмен ашуды ақылға жеңдіріп, ренжітіп алған адамның көңілін жайландыру әрине өз қолымыздағы дүние. «Қуантатын да бір ауыз сөз, жылататын да біо ауыз сөз» дейді емес пе дана халқымыз. Ал алғыс айту — көңілге қуаныш сыйлатын сол ерекше позетивтік сөздердің бірі. Қарап отырсақ барлығы бір-бірімен байланысып жатыр. Сөз құдіреті осы болса керек. Алғыс айту арқылы — ол адамның саған деген құрметі мен сыйластығын, саған деген риясыз пәк көңілін сезіне аласың. Ендеше бір-бірімізге алғысымызды айтып, осындай ерекше, пәк көңілімізді, сыластығымыз бен ол адамға деген құрметімізді неге осы бір ауыз сөзбен білдіріп жүрмеске?! Қиындығы көп, көңілдің күйін түсіретін дәл осы заманда бізге бір-бірімізге деген ілтипатымызды білдіріп жүру, достық қарым-қатынасты жандандырып, сыйластықты ұғыну біз үшін үлкен қуаныш болатыны сөзсіз. Өйткені барлығы кетеді, уақыт бір орнында тұрмайды, қалатыны тек қана — сыйластық болмақ.
Осы орайды пайдаланып менде осы алғыс айту күніне орай жаныма жақын жандарға, дос-жаран, туған-туыстарға, анашым мен аға-іні, бауырларыма, әпкелерім мен сіңілілеріме шын жүректен алғыс айтқым келеді. Әрбір отбасына амандық, саулық тілей отырып, «Алғыс айту күні құтты болсын!» демекпін. Сыйластығымыз артып, көңіл-күйіміз жоғары болып, денсаулығымыз мықты болсын! Баршаңызға Жаратқан ием жар болып, арман, тілек, мақсаттарыңыз орындала берсін!

«Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу