Өлеңдер ✍️

  15.02.2022
  167


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАЛИРА

Құбылған алуан гүл өңі,
Даланың төсін кернеген.
 Шіліңгір жаздың күні еді,
Шыпылдап шыққан тер деген.
Шалғыны толқып көк дала,
Сырларын жатты Баяндап.
Түсуге суға көп бала,
Ақсуға келдік аяңдап.
Сабындай қалай қасықтың,
Жылтылдап шабақ бауыры.
Жағаның жалын қасып мың,
Толқынның жатты ауылы.
Үкілі құрақ тұлым боп,
Жалбырап жалбыз балығы.
Шулаған бізге
Күлімдеп
Шұбалып Ақсу ағады.
Керемет гүлдер ал қызыл,
Келтірді өзен бар сəнін.
Жағасы өрім тал қызыл,
Жасаудай көзді тартатын.
Əрлі де бері ойқастай,
Белгісін жасап үтір, леп.
Биіктен түскен қой тастай,
Біз түстік суға гүпілдеп.
Алқынып түсіп көк терге,
Ойынның өзін өнер ғып.
Біріміз сүңгіп кеткенде,
Біріміз малтап, жөнелдік.
Бір жақтан Əбен айқайлап,
Жіберді: «үйрек-үйрек!» – деп.
Диқандар, Жəлел байқап ап,
Жөнелдік түйдек-түйдек боп.
Болады тіпті «көл» деуге,
Жанымыз жыныс қалтарма.
 Шырмалдым жалғыз сол жерде,
Шырмауық, құрақ, талдарға ...
Бұрылып кейін қарасам,
Шымырлап толқын келеді.
Сөйтсем ол жалғыз балапан,
Алдым-ау ұстап, мен оны!
Шаттанып кеттім, Шаттанып,
Көңілім менің дал ұрып.
Өзімнен-өзім мақтанып,
Отыр ем көйлек жамылып.
Бір кезде келді олар да,
Салыңқы болып қабағы.
Көрсеттім олжаны оларға,
Балапанымды жаңағы.
Таңданса бірі ызбарлы,
Біреуі тұрды үндемей.
Біреуі менен қызғанды,
Ал, бірі кетті «жүр» демей ....
Өсіру үшін үйрек қып,
Ұмтылдым, болмай басқа ойым.
Шым-шиден жасап күркешік,
Алдына су мен ас қойдым.
Ол жесе, егер кенеліп,
Алдына қойған дəмімді.
Жүремін ойнап мен елтіп,
Қуаныш кернеп жанымды.
Шыққанда көзі жайнап күн,
Гүлдерге тосып нұрын құт.
Апама болмай қайнаттым,
Ақ сүттен жасап ірімшік.
Анам да жүрді бəйек боп,
Мен үшін жаны балбырап:
– Мынада жақсы мəйек көп, –
Деп, – Көлден əкел балқұрақ.
 Майсаның майда талшығын,
Беденің алуан түрлерін.
Балапан үшін балшырын
Көрдім де, теруге үйрендім.
Тарлығын көрмей бір күннің,
Тамаққа əбден кенелді.
Мен жоқта, бірге Нұрланмен,
«Сейілдеп» көлден келеді.
Уақыт деген ғанибет,
Бірімен бірі жалғасты...
«Балира» болып бала үйрек,
Аталды күннен алғашқы.
Інім де, мен де, апам да,
Атадық солай əрқашан.
Ұмытшақ бала Сатан да,
Ұғыпты атын байқасам.
Мұнан соң тіпті, ауыл боп,
«Балира» атты үйренді.
Бір кезде жүрсе тағы боп,
Болды енді үйдің үйрегі.
«Балира» десең, «га-галап»,
Кеудесін кернеп қызбалық.
Күркешік ішін жағалап,
Кетеді тынымсызданып.
Өзіне біткен «дарыны» –
Өзгермес мінез, сыралғы.
Алдына қойған «дəмдерді»,
Тақырлап, таусып тұрады....
Балапан түсі өзгерді,
Күндерден бəрі соңғы бір.
Тартатын жиі көздері,
Көгала үйрек болды бір.
Бұлқынып қимыл жасайды,
Ұшуға əбден бекініп.
 Қауырсындары қатайды,
Қанаттары жетіліп.
Дедім де оны «үйренді»,
Босаттым күркешіктен кеп.
Басталып тірлік «күйбеңі»,
Жөнелді ұшып тік өрлеп.
Айналып кетті мүйісті,
Арамыз бірер шақырым.
Көргеннен соң бұл істі,
«Балиралап» шақырдым.
Жиналып келген маған жұрт:
«.... Болма енді одан үміткер».
Көңілімді менің алаң ғып,
Күйзелтті енді күдіктер.
Шақырдым тағы, шақырдым,
Атыменен сол əлгі.
Кетсе де қанша шақырым,
Балира қайта оралды.
Қуанып кеттім, қуанып,
Ашқан соң гүлін ізгі үміт.
Осындай талай уақыт,
Өтіп те жатты тізіліп ...
* * *
Айтылып «га-га....» жол жыры,
Айналып қағып қанатты.
Бір күні ұзақ ол жүрді,
Бағдарлағандай-ақ жан-жақты.
– Ұшса да қанша ол енді,
Оралар, – дедім,–тағы да.
Өзенге суыт жөнелді,
Қарамай шақырғаныма ...
Ақсуға қарай сызылды,
Қамысы, талы қалғыған.
 Нүктедей болып үзілді,
Үміткер көздің алдынан...
Көңілдің артып құштары,
Сеніппін бекер далбаса.
Тоқтамайды екен құс тағы,
Өз туған жері болмаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу