Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  83


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАЛӨРІК

Тұнығымды тасыттың-ау,
Тұрмыс деген қырсық күн.
Қайран əпке, қажыпсың-ау,
Бойындай боп ұршықтың.
Түсірмеген жолақ ізін,
Тұрушы еді толып Ай,
Болыпты ғой сол ақ жүзің,
Шекараның торындай.
Бір сөз айтып қаларыңда,
Қараушы едің жай шолып.
Қалыпты ғой жанарыңда
Таңғы жұлдыздай болып.
Қонақ деген қайдан келсе,
Қабылдаушы ең күн болып.
Қартаймашы, қайран əпке,
Қарға адым жер мұң болып.
Жүре берші жер бетінде,
Бірақ тағдыр байқатпас.
Қақпан белді келбетіңе,
Қайғырамын шайқап бас.
* * *
Арайлы жолдасың ем,
Айтатын балаша мұң.
Көңліңе орнаттым мен,
Көктемнің тамаша əнін.
Күрсінтіп бүлінбеген,
Өмірі нұр тұрсын деп.
Күн болып күлімдеп ем,
Гүл болып құлпырсын деп.
 Шақырып жолға кілең,
Шабыт боп жыр ағысы.
Көзіме орнатып ем,
Көк аспан қуанышты.
Шарлатып кең өлкені,
Қақтырдым əн қанатын.
Сейілтіп көлеңкені,
Сен жаққа таң боп аттым.
* * *
Тұрса көзге шықтар гүлдей,
Төгілсем күн нұрлары боп.
Апорттары шыққан күндей,
Алматының гүл бағы боп.
Орнасам-ау жаннат болып,
Орталатпай бақыт балын.
Тал бойыма қайрат қонып,
Өкінбес еді уақыттарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу