Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  87


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

АТТАНЫС

Бетке алып Алакөлді,
Мотор кетті «жөтеліп».
Аяулым да қала берді,
Архатымды көтеріп.
Тұрымтайдай түнем бірде,
Айналамды сəл барлап.
Иіріледі төменде Іле,
Қол бұлғайды Талғар жақ.
Көрінеді қарасаң сəл,
(Ұмытылып басқа жай).
Көшелері балапан тал,
Күлімдейді Қапшағай.
Бетке алып Алакөлді,
Мотор кетті «жөтеліп».
Алатауда қала берді,
Асқарына ай көтеріп.
Болса дағы нар күші,
Босаңсыдым талғандай.
Жүрегімнің жартысы,
Алматыда қалғандай.
* * *
Ойларымда өлең балқып,
– Əкем туған аймағым, – деп.
Асығумен келем шалқып,
Аспанның ақ қаймағы боп.
Жайсаң жерге құмартқан,
Жанарымда шат күлкі көп.
Көз алдымда мұнартқан,
Алатаудың ақ бұлты боп.
Келем қалқып жан-толқытып,
Алдым неткен арайлы.
 Атырабым əн болып,
Алуан үнмен тарайды.
Туыстықтың сəлемдерін,
Алып келем шектелмей.
Барлығы да сол əндердің,
Сағынышты шерткендей.
* * *
Айтшы, Барлық қазбауырлы,
Аса алмайтын асуың көп.
Алматының ақ жауыны,
Келсін бе əлде шашуың боп.
Асып барған алты қырды,
Жатырқамай жат кісі, – деп.
Алатаудың аққу бұлты,
Жүрсің бе əлде бақ құсың боп.
Жырларымды жеті буын,
Бауырыңнан терейін де.
Көк орманын Жетісудың,
Көрімдікке берейін бе?
Айтшы, Барлық – қастерлі Жер,
Асыл мекен ағайынға.
Шешіміңді тағайында,
Əлде сенде, қалайын ба?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу