Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  110


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЮРМАЛА

Кездестірдім латыштың ақ маңдайын,
Көздерінде күлімдеп жатқандай күн.
Дубалтыда таныстым, аты Ира,
Іздеп жүрген Əнімді тапқандаймын.
Бір демалдық.
Сыйласып амандастық,
Жағажайда серуендеп, қадам басып.
Берілмедік сезімге əлдекімше,
Білдірмедім көңілді алаңдатып.
 Балтық теңіз жағасы.
Күн екінті.
Жанымда Ира келеді тым өтімді.
Жері менен елінің тарихынан
Бір кісідей бар екен білетіні…
Неміс, Поляк бандысы болғандығы,
Помещиктер молайып толғандығы.
Бөлшектенген латыштың бүтін жері
Айтушыны ағынан толғандырды.
Оқиға айтты бір қанша өкіндірер,
Өкіндіріп, жігерді жетілдірер.
Сұрақ қойды кенеттен:
– Сіздің елде
Бар ма «Ромео – Джульетта» секілділер?
Осы сəтте күй кернеп жанды бөлек,
Арқау болған эпосқа мəңгі дерек.
«Інжу-маржан» тербетіп жүрегімді,
Баянымды жөнелдім əңгімелеп.
Қарабайдай пасықтың болғандығын,
Кең далаға жылқысы толғандығын.
Екіжүзді Жантықтың жалғандығын
Айтып, сейілдесімді толғандырдым.
Оймен басып аяғын үндемеді,
Ұясына таяды күн де енді.
Күннің нұрын жамылған толқындардың
Басымырақ естілді гулегені.
Тулап толқын тыпырлап жөңкіледі,
Шағала ұшып бетімен тентіреді.
Қарағайдың бұтағын теңселдіріп,
Кешкі теңіз лебі есіп ентігеді.
Осы самал сияқты жүрек үні,
Дүрсілінде шумақты жыр егілді.
 – Бекежандай безбүйрек кеселінен
Тағдыр жылатқандығын Жібегімді.
Айттым: – Міне, жауыздың қырсығы, – деп,
– Адал соққан жүректің дүрсілі, –деп.
Бағанадан үндемей келе жатқан
Ира осы арада күрсінді кеп.
Басын шайқап, көздерін жасқа малды
(Болу керек қалмаған басқа амалы).
Содан кейін денесін сергек ұстап,
Бір хикая былайша бастағаны:
– Мың алты жүз жиырмасыншы жыл ішінде
Еркіндік жоқ латыштың жүрісінде.
Поляк помещиктері билеп-төстеп
Алған екен көл, өзен ірісін де.
Алған екен жерін де,
орманын да,
Салған екен не түрлі қорғанын да,
Арис деген латышты қадағалап,
Күзетші ғып қойыпты сол маңына.
Ол күзетші орманның талын алған,
Өзеннен су,
Көлінен балық алған.
Ильменский сол үшін өтелместей,
Арисқа көп,
Керемет салық салған.
Арис байғұс бас иіп талай барған,
Өтей алмайтындығын хабарлаған.
Барма ол кезде помещик жарылқайтын,
Құрметтеп қорғайтын малайды алдан.
Мойнына іліп жазалау мойынтұрық1
Дүрелеген шыпылдап сойыл-шыбық.
 Қанын судай ағызып қатыгездік
Күресінге тастаған өлімші ғып.
Мұндай жаза сан рет қайталанған,
Мүшкіл халін Аристың байқаған маң.
Орман шулап,
Көл, өзен ашуланған.
Бұлт жылаған, тіл қатып айта алмаған.
Содан Арис таяқтан шаһит болған,
Қаралы əн айтылып бəйіт болған.
Ал бұл кезде помещик Ильменский
Іріп-шіріп қанаумен байып толған.
Онан əрі жүргізіп өктемдігін,
Енді Аристың қызына төккен «нұрын».
– Төлеуіне салықтың аламын ғой,
Тек сен үшін шырғалап көптен жүрмін.
Мал-жаным да сенікі біле білсең,
Мына жарық əлемде тілегім сен.
Басқа еш нəрсе өзіңнен қаламаймын,
Соқса болды жүрегің жүрегіңмен, -
Деп помещик торлады Розаны,
Қызы еді Аристың бұла жаны.
Шын сүйгені бар еді Цигульды да,
Зытпақ солай табылса бір амалы.
Жасырынып қалайда кетпек болды,
Сүйгенінің жанына жетпек болды.
Розаның ойлары орындалса,
Табар еді қалайда ептеп жолды.
Жалғыз өзі ойланды бас қатыра,
(Жамандықты жұқтырмау жақсы атына).
Зытты Роза жамылып түн пердесін,
Жету үшін болашақ мақсатына….
Турайдсқа келгенде таң атыпты,
Тұманданған көріксіз дала тіпті.
 Атқа мінген қуғыншы таяп келіп,
«Мұндалап» кеп дауысын таратыпты.
Шалдықса да соншалық əлі құрып,
Жүгіріпті тастардан шаң ұшырып.
Соңғы күшін жинаған сұңқардайын,
Бір биікке шығыпты жан ұшырып:
«Арамтамақ байлыққа бас имеймін,
Кедейліктен келмейді жаси бергім.
Адамдықтан жаралған адал ой бар
Еріккеннің добы емес басым менің.
Замананың жетеді қосқан мұңы,
Адал жанның жетеді босқандығы.
Еркін өскен емендер қандай мықты,
Еліміздің жасасын бостандығы!
Жердің гүлін мəпелеп уыстадым,
Келмейді енді онымен кір ұстағым.
Бостандықты іздеген құс болса да,
Болмыстан сол болар туысқаныным.
Адалдыққа үйрендім бала күннен,
Өз орнымды Адам боп ала білем.
Роза боп гүлденіп өсіп едім,
Роза боп мəңгілік қаламын мен.
Еркіндіктің жолына ерлеңіздер,
Ерлеп жүріп жүректі тербеңіздер.
Махаббаттың жолында құрбан болам,
Маған қарғыс жаудырта көрмеңіздер.»
Деп айқайлап,
Еңіреп жылап алып,
Шыңырауға көз жұмды құлаған тік.
Қаны тамған тастардан гүл шығыпты,
Жасы тамған жартастан бұлақ ағып.
Қастерлейміз махаббат куəсі деп,
Əндер туған.
 Əлі де туады үдеп.
Мақтанымыз қашан да.
Бұл болмаса
Тоқтайтындай күрсінді сірə, жүрек.
Өзімізге Джульетта тəрізденіп,
Тарап келген сүйікті аңыз болып.
Курорттарға демалып келушінің
Турайдсқа барады бəрі ізденіп, –
Деді Ира.
Жан-жақтан күлімдейді от.
Түн болыпты...
Өтті кез білінбей кеп.
Қараңғыны қақ жарып жанған шамдар,
Көрінеді Турайдс гүліндей боп.
15 маусым, 1989 жыл.
Дубалты




1 Мойынтұрық – ерте кездегі жазалау құралдарының бірі. Жазалының мойнына кигізілетін ағаш қамыт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу