Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  227


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ӨМІР ЖАЙЛЫ

Хасен Əдібаевқа
Өстің қазір жігіт болып ержетіп,
Тіршіліктің ақ бесігін тербетіп.
Бұл өмірдің оңайлығы деп ұқпа,
Маңдайыңды жүргендігің терлетіп.
Өмір деген шырыны емес жүзімнің,
Үсті де емес өткір қанжар жүзінің.
Бұл өмірдің жеңілдігі деп ұқпа,
Күн нұрына тотығуын жүзіңнің.
Көктеміңді өзің тауып кетпесең,
Шыға алмайсың биіктікке,
Көкке сен.
Бұл өмірдің қиындығы деп ұқпа,
Күтіп тұрған бақытыңа жетпесең.
Адамдардың жүрегіне тыңдатқан,
Бұл өмірге жылылық та, қымбат та əн.
Бұл өмірдің кедергісі деп ұқпа,
Бұлбұл боп кеп, бозторғайша үн қатсаң.
Өмір деген қос қанатың ұшатын,
Өмір-ағаң қолтығына қысатын.
Өмір деген анаңнан да мейірбан,
Ылғи дағы сүйеп, сені құшатын.
 Өмір деген құбылысқа дарқан-ды,
Ауыр салмақ жүктерін де артады.
Өмір деген əкең емес еркелер,
Кезі келсе жағыңнан да тартады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу