Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  112


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

КЕЛШІ, КӨКТЕМ!

Келші, көктем!
Қыс ызғарын көтеріп,
Жайқала өссін жас бұтақтар жетіліп.
Кеуде керіп кекірейген нарық тұр,
Кер бестісі саудасымен секіріп.
Келші, көктем!
Кең даланы жылытып,
Кеңістікке ұшсын торғай жыры тік.
Замана-тас!
Сен болмасаң көктемім,
Көрген емес тас маңдайын жібітіп.
Келші, көктем!
Бар үмітім өзіңсің,
Сенсіз менің қисыны жоқ сөзімнің.
Көңілің – самал аңқылдаған жайдары,
Жүзің – шуақ, күлімдеген көзің – күн.
Сол нұрыңмен жібіт дағы мұз-қарды,
Сол нұрыңмен кетірші аяз, ызғарды.
Жан жарасы жазылмаған адамның,
Беу, көктемім өзің ғана ізгі əні.
Сен келгенде шырқалады маған əн,
Күй тыңдатып он сегіз мың ғаламнан.
Түймедейін түйедей ғып тұратын,
Не пайда бар алыпсатар заманнан?
Келші, көктем!
Ғашығымдай күлімдеп,
Қара жерді түрлендірген гүлің көп.
Жақсы ақын болсам дағы
сенің сол
Базардағы гүлдеріңдей құным жоқ.
Бірақ, бірақ!
Сонда дағы тозбаймын,
Соншалықты жүдетсе де өз қайғым.
 Сағынышым саған ауған.
Туса да –
Ақындардан алааяқтар озған күн!
Келші, көктем!
Кереметтей əн салып,
Кемтар болған кең далама жан салып.
Керегім жоқ.
Құрсағы аш адамға,
Жазсам дағы жақсы жырды қаншалық.
Көкірекке шер байланып көп күзден,
Қайғысымен қабырғаны сөккізген.
Өмір де жоқ,
Көңіл де жоқ,
тегінде –
Ақындарды арманына жеткізген.
Масайраса құстарымен көлдерім,
Гүлге толсын қар жамылған белдерім.
Ортамызға оралсаңшы тезірек,
Өрістесін түлегім мен төлдерім.
Келші, көктем!
Сияқтысың жас күнім.
Асқындырмай мына қыстың қастығын.
Трактордың майын қымбатқа алса да,
Бейбақ Диқан!
Тез ексе екен Астығын!
Жайқалсыншы Қазағымның даласы,
Арта түссін дастарқанда дəм-асы!
Жалаңаяқ қыста үйде қамалған,
Жадырасын жақыбайлар баласы.
Жүзің күлсе бұтақтанам жыр боп мен,
Күннің көзін бұлт баспасын нұр төккен.
Сен сияқты керек мынау Заманға,
Нарық қысын көтеретін бір Көктем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу