Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  189


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

МАҒЖАН АҒА

Келер, туар кезекпен көктем, өлең,
Тірлік бар ма, тамыр ап көктемеген?
Мына жарық дүниеге ақын аға,
Қарамашы қабақпен өкпелеген.
Үміт-сəулең күлердей басқа таңнан,
Қанаты қиялының босқа талған.
Тас-тағдыр тастай қатып ерімепті,
Көріп бір көз жасыңды тасқа тамған.
Аңсаған үзіп алмай əн арқауын,
Жүректің жарқыратып жанартауын.
Арманшыл ақын жырын əлдилейді,
Тербетіп ақ самалы Сарыарқаның.
– Есті, – деп əн салғандай бұлбұл маған,
Шашбауы ару таңның сылдырлаған.
 Жаралған махаббаттан, сұлулықтан,
Жыр – Мағжан алтын сарай сыңғырлаған.
Кеудесін дүбірлетіп дүлдүл далам,
Сəуледен суыртпақтап күнді ұрлаған.
Тіл қатып ескен желмен жас ұрпаққа,
Гүл – Мағжан жас баладай былдырлаған.
Сағынып Мағжан аға, сырлы үніңді,
Гүл – өмір гүлдеп сүйді нұрлы күнді.
Сол күннің көлеңкесі қуды ажал боп,
Қызғанып сенің сұлу тірлігіңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу