Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  121


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

АЙЫМЖАН

Ақын, ғалым, жезтаңдайлы жырау бол,
Түсінбейді қанша айтсаң да сұрауға ол.
Қыршын кеткен қыздың көзі секілді,
Айымжан деп аталатын мынау көл.
Тағдыр талай тəлкек еткен тепкілеп,
Бұл жайында көнекөздер көп білет.
Нағыз жүрек оттарына өртенген,
Осы көлге Айымжан қыз кетті деп.
 Түсіндірді...
Ой бесікке бөлендім.
Ауласында ақ көгершін өлеңнің.
Махаббаттың нағыз айын көргендей,
Көл бетіне көз талдырып төнемін.
* * *
Сүйіктімсің ақ қайыңнан табылған,
Сүйіп тұрмын,
Өзің болып бар арман.
Сен мен үшін күннің ыстық нұрынан,
Қырмызысың,
Қыр гүлісің нəр алған.
Өзің жайлы толғанарым көп менің,
Өртін тастап кетті жанға өткен күн.
Басқа жанға қаңтар болып кетсең де,
Сен мен үшін көгорайлы көктемсің.
Сен мен үшін қасиетті көктемсің,
Сондықтан да менен алыс кеткенсің.
Басқа жерден керегі жоқ іздеудің,
Ақ қайыңдар тұрған анау беттесің.
* * *
Рас, сенің даусың əнге келмейді,
Отырғанда үзілдіріп басқа қыз.
Өздігінен ақша маңдай терлейді,
Думандатып сауық құрсақ басқамыз.
Біз айтқанда əн біткенді таңдайдан,
Берен бауыр қырқаларды көмілтіп.
Қиялыңда қызықтырып самғайды əн,
Жүрегіңде жұлдыз болып өмірлік.
* * *
Себебінен кездеспей сол қырсықтың,
Кеткенің бе Баяны солтүстіктің.
 Сенің күлген жүзіңде тек мен үшін,
Көрінеді тұрғандай толықсып Күн.
Сенің жүрген жеріңде жайқалып гүл,
Өскендігі əрқашан байқалып тұр.
Көк күмбезден сүйеді махаббат боп,
Саған арнап құшағын айқарып нұр.
Жүрмегейсің басқаның көктемі боп,
Жүрегінде бір сəтке шектеліп от.
Ол мен деп ұқ. Сағынған пəруана жан –
Елестесе көзіңе өткен күн кеп.
Кетпесінші білінбей хат-хабарың,
Солтүстіктің Баяны – ақмаралым.
Саған ынтық Қодардың мысын құртып,
Алматыдан Көрпеш боп аттанамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу