Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  133


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗ

Баллада
Шыдап бір тағы кетесің,
Шіліңгірдегі шөлге де.
Айналып тағы өтесің,
Аялдамай көлге де.
Қаңқылдап дамыл алмадың,
Тобына қаздың қосылмай.
Неліктен сонша зарладың,
Неліктен болдың осындай.
Болғандай куə құба дүз,
Шығады сенен соны үн.
Жұбайың қайда жуас құс,
Жұмғызды көзін оның кім?
Қалбаңдап ұшып аспанға,
Қарайсың шошып жерге де.
 Жазығым жоқ, жасқанба –
Сен тұрмақ жəндіктерге де.
Жақын кеп маған тыңдатшы,
Атырдың қандай таңдарды.
Жоғалттың қайда, тіл қатшы,
Көк қанат балапандарды?
Болмаса дағы түк кінə,
Тірлік бар жерде,
ылаң бар.
Сұрланып əлде жұтты ма,
Судағы сарбас жыландар.
Қылғитын тіпті ішегін де,
Бөдене менен кептердің.
Кез келіп əлде жеді ме,
Кезқұйрықтар мен бөктергі.
Қаңқылдап дамыл алмайсың,
Тобына қаздың қосылмай.
Неліктен жерге қонбайсың,
Неліктен болдың осындай.
Жақын кеп маған тыңдатшы,
Атырдың қандай таңдарды?
Жоғалттың қайда, тіл қатшы,
Өрімдей балапандарды?
Жазымыш солай жазған соң,
Басқа бір көлге өтті ме.
Бауырын жазып алған соң,
Басы ауған жаққа кетті ме?
Тағы бір жайды айтайын:
Немесе ол да болып құс.
Қауырсындары қатайып,
Қанаттарына толып күш.
Қуат қып қоңыр өз үнін,
Оянып жаңа сезімі.
 Іркіліп жасы көзінің,
Іздеп жүр ме екен өзіңді.
Жақындап келші сен жырлап,
Жасқанбай, мына Құт көлге.
Жазығым жоқ, сен тұрмақ,
Жаратылыс біткенге.
Шыдап бір шалғай кетесің,
Шіліңгірдегі шөлге де.
Айналып тағы өтесің,
Аялдамай көлге де.
Бақытың қалған қоршалып,
Табасың қайдан даңғыл жол.
Қара басыңды соншалық,
Қаңғыртқан қандай тағдыр ол?
Жобалап ұқтым мұңыңды,
Сырласқандай-ақ сенімен.
Адамдай білсем тіліңді,
Аянбас едім тегі мен.
Жабығып қарап жалғанға,
Өз басын өзі жоя алмай.
Қаз дағы жалғыз қалғанға,
Қайғырады екен ой, аллай!
Бүркеніп бұлтқа асыл Ай,
Төнбесін қою жерге түн.
Жалғыздық күйін осындай,
Адамдарға əсте бермесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу