Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  194


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

БАРҚЫТБЕЛ БАУРАЙЫНДА

Бүгінгі Тарбағатай ол кездерде
Аталған Барқытбел боп көрген көзге.
Тауынан шығыстағы Шағаноба,
Басталып,
Иек артқан Аякөзге.
Бүгінгі Тарбағатай ол күндер де
Көрсеткен Барқытбел боп көркін елге.
Ал қазір аты басқа, заты басқа,
Жазуын жаратқанның көрдіңдер ме?!
Түнде айдай,
Күндіз күндей өз түндігі,
Қазақтың жетеді ғой сөз құрлығы.
Аталды Тарбағатай.
Ежелгі атын
Өзгертті Жоңғарлардың озбырлығы.
Дөрбілжін,
Шəуешекті бауырына ап,
Ойнатып заманадан сауырына ат.
Мызғымай жатыр əлі
Тау алабы,
Кеткенде талай жердің тауы құлап.
Тасына қатып қалған қан із болып,
Тұрғандай сайларында аңыз толып.
Ғаламға тас көзімен ойланады,
Ғасырдың қара жолы тəрізденіп.
Шығады сыбызғы үн бұғысынан,
Бірінен екіншісі ұғысып əн.
Керіліп аңыздағы арыстандай,
Келеді тік созылып шығысымнан.
Бұлттай күн үйірілген аспанын да,
Бүркіті ұя салған асқарында.
Қазақтың тарихы бар таусылмайтын,
Тауларының тақта-тақта тастарында.
 Жетектеп жыр тұлпарын аяңдайын,
Жыр жолында жатады аян дəйім.
Бұл таудың Барқытбел боп аталуын,
Аңыздың ізіменен баяндайын.
Ит мұрнын сұға алмайтын қалыңдығы,
Болыпты самсап өскен самырсыны.
Басталып етегінен шыңдарына,
Көз тартып көсіліпті қалың нуы.
Көрініп көзге сұлу көкшеленген,
Көсіліп көк белдерге текшеленген.
Көк барқыт сияқтанып көңіл тербеп,
Астасты ірге тепкен өскен елмен.
Ежелден əні асқақ, жыры мықты,
Ол – Қазақ тағдыры ғой ұғынықты.
Сол елге жайлы жайлау самырсын жер
Қара көк барқыттайын құбылыпты.
Кезінде құс сынаған,
Ат сынаған,
Көп болған халқымызда жақсы қадам.
Тұрғыны болып осы құлыстайдың,
Төлдетіп түліктерін басты қадам.
Болашақ ұрпақтарға сарқыт бол деп,
Атаған солар еді
«Барқытбел» деп...
Он ойлап,
жүз толғанып түйін түйген
Бірі – Біз.
Болса əлемде артық ел көп.
Сол елдің айбаттанған батылы бар,
Қолдайтын намыстарын ақыны бар.
Қормалы, қорғаны боп қорғайтұғын,
Қуатты құдай берген батыры бар.
Бірі сол Батырлардың Шақантайым,
Толғанып, тебіренем саған дəйім.
 Найзаңа сап болғанға мақтанады,
Шомылған ай нұрына балаң қайың.
Қуатты қанат берді қаламыма,
Қуанған туғаныңа Далам мына.
Басына шыққаныңа айбар шегіп,
Қомданды Арқадағы Қарауыл да.
* * *
Қазақтың қанын төгіп,
Малын алмақ,
Қаптады Қобық жақтан қалың қалмақ.
Белбұлақ жазығына хан сарайын
Тұрғызды шүршіттердің жанын жалдап.
Қаптады Сарыарқаға самсап қолы,
Ұлғайтты барған сайын қансоқтаны.
«Алқа көл, сұлама боп»
Осыншалық,
Жете алмай арманына жан тоқтады.
Суалтпай омырауын ана өлді,
Жезтаңдай,
Жүрегі жыр дана өлді.
Осындай үскірікті дауылдарда
Туған Жер тау-тасымен пана болды.
Қазақтың шықты сонда батырлары,
Қақ болып, ат терлетіп тақымдары.
Еліне «Қайың сауған», «Азат» бол1 деп,
Толғанып шықты күйші, ақындары2
.
Шақантай сол батырлар бірі еді,
Икемді, қай іске де ірі еді.
Отауға он үшінде ие болған,
Алшаңдай ақылгөй қарт ұлы еді.
Алшаңнан жалғыз еді – Ұлы бабам,
Ұялаған жүрегіне жылы арман.
1 Байжігіттің жаугершілік замандағы күйлері. 2 Сол кезде «Елім-ай» əнінің авторы, əрі осы аттас эпопеялық дастан жазған ұлы ақын Қожаберген жыраудың болғаны мəлім.
 Ол кезде ел жүгіне ер боп туған,
Бұл күнде бұлбұл ақын жыры болған.
Қалмақтар Бура таудан өтті деген,
Еліне Жастабанның жетті деген.
Батырға дер кезінде айтып келді,
Шолғыншы Мұратайқын көпті көрген.
Қол жинап, жауын тосып кес-кестеді,
Тарихтан бұл ерлігі өшпес тегі.
Тобына торғауыттың толғаулы оқтай,
Батырды тез жеткізді өштескені.
Алдынан қарсы шапты зор дабырмен,
Қазан бас, ұзын қара жорға мінген.
Арқаның қандары қас қазағына,
Қалмақтың ол батыры Чоорға деген.
Қапсағай,
қара торы,
кең иықты,
Əлгіге Жастабанның Ері шықты.
Атанған он үшінде хас батыр боп,
Ерлікті Шақантайдан елі күтті.
Алаңға жекпе-жекке түсті келіп,
Көрінді екеуі де сұсты болып.
Таңғалды сапта тұрған қалың сарбаз,
Сайыстан батпандаған күшті көріп.
Сілтеді екеуі де найзаларын,
Асырып бір-бірінен айлаларын.
Айқасқан Айтауырмен кезден бастап,
Шақантай мұндай майдан жайға мəлім.
Қазан бас қолдарында шоқпарлары,
Сілтеніп бір сəтке де тоқтамады.
Чоорғаның қимылынан дəмеленді,
Шошайған көк тымақты көп қалмағы.
Салысты тізеден де,
тобықтан да,
 (Адамның жанды жері ол ұққанға).
Сырт тартты сыр білдірмей екеуі де,
Соққыға шынтақтан да жолыққанда.
Чоорғаның білді мықты, бекемдігін,
Бой бермес белдескенге екендігін.
Өз атын ұран қылып бар даусымен,
Шақантай шамырқанып көтерді үн...
Тітіреп мұнан кейін қыр сілкінді,
Таудағы қыран құста дүр сілкінді.
Зəресін зəр түбіне жеткізді де,
Айбатын торғауыттың бір сындырды.
Ырғасып, сайыс салып тұрған кезде,
Тастақта,
ат тізеден кірген жерге.
Найзасы таяқ болды екеуінің,
Бұлғап кеп бірін-бірі ілген кезде.
Қалды енді қалқан менен алдаспаны,
Күшейіп ажалменен арбасқаны.
«Шақантай!
Шақантай!» деп салғанда ұран,
Өлкенің тау-тасына жалғасты əрі...
Жұлдыздай Аққояны бола қалды,
Жусандай көрмей қалың долананы.
Көтеріп алдаспанын сілтегенде,
Кəпірдің басы жерге домалады.
Түйіліп түскен бастың қабақтары,
Көздері қиғаштанған алақтады.
Таңданған пішінменен Ер Шақантай,
Жердегі жатқан басқа қарап қалды.
Жағадан бассыз дене алды барып,
Ал Батыр сəл сескеніп,
қалды налып.
Сілтеніп екінші рет алдаспаны,
Денені қақ ортадан салды жарып.
 Басында тұрған жаулар елемей кеп,
Бағынды басы алынған денедей боп.
Қалмақтар қолға түсті тобыменен,
Арқаның даласында телегей боп.
Ор киіктей орғыған даладағы,
Бұл сұлуға батыр көзі қадалады,
Соны алып неке қиды,
Содан қазір
Дорынжан деген Ата таралады.
Жайлау бар Шұбартауда Жорға деген,
Ол əлгі қалмақ аты Чоорға деген.
Түсімде Батыр Бабам аян беріп,
Дастан ғып, сол жорықты толға деген.
Баяндап соны міне, толғаймын мен,
Таныспын бала жастан ол жайымен.
Толағай, Көкпекті мен Аякөзде
Шақантай ерліктерін сомдай білген.
Қалбадан жауды қуып Өкпеті кеп,
Тоқтатпай Шіліктіге өткен үдеп.
Тауында Барқытбелдің ойран салды,
Найзасын қолындағы көкке білеп.
Қалмақтар атын естіп қашты оның,
Қан болып қақ үстімен тасты жолдың.
Орқашар қайдасың деп кеткенде олар,
Қазақтар қайта оралып басты орнын...
Кездесті Шыңқожамен осы өңірде,
(Еді ол барымташы кеше мүл де).
Ел қорғап бүгін батыр болғандығын,
Шақантай мақтан еткен неше күнге.
«Туған ел бойға қуат, самғау əнім,
Бұл аймақ сүйініштен қанбағаным.
Селбесің осындайда тиер деп мен,
Сол кезде өлтіруге бармағанмын.
 Адамды адастырар құбылған күн,
Өтеу міндет кіндік қан жуылғанын.
Əу баста келген кезде шырылдап сен,
Анадан батыр болып туылғансың»-
Деп Шақаң ат үстінде демін алды,
Көкке де шырқалғандай сенім əні.
Сөйткенше болған жоқ
төңіректен,
Тағы да торғауыттар келіп қалды...
Басталды кісі өлімі,
қанды қырғын,
(Қоярға жер табылмас жанды бүгін).
Қою шаң көтерілді жауар бұлттай,
Дəлелі секілденіп сан бүліктің.
Біреудің ішек-қарны ақтарылды,
Жауыздық айтып оны мақтан қылды.
Біреудің ат сүйретіп санын жұлса,
Біреуді екіншісі сақтандырды.
Біреудің қорқыраса аты құлап,
Біреулер тұрмастай боп жатыр сұлап.
Қалмақтар жарқабақта жасырынды,
Қорыққан байларынан қатын құсап.
Біреудің көзі шықты, сынды аяғы,
Көрінді келместей боп күн баяғы.
Жайлаған жауыздықты жабайылық,
Жарандар дейсің сонда кімді аяды.
Шыңқожа неше күндей сайыс салған,
Жеке өзі.
Сарбаздары алыс қалған.
Ортаға ап жалғыз өзін жүздей қалмақ,
Терісі бас сүйектің қайыс болған...
Денесін атпен сүйреп талқандады,
Есілген қылқұйрықтан арқандары.
Ерлігі өтіп еді Батырлықпен,
Көрсеткен жауларына əр таңдағы.
 Шақантай хабарды естіп келді жетіп,
Қоршауға ап қалмақтарды желкелетіп.
Көрсеткен Шыңқожаға азаптарын,
Қайталап өздеріне ентелетіп.
Сұм жаудың шауып алған көші қалды,
Теңдерін, текеметін шешіп алды.
Шетінен атқа сүйреп,
Шыңқожадай,
Батырдың қайта келмес,
Өшін алды.
Талқандап, түгін қоймай шебін əрі,
Жосылды Барқытбелден тегі бəрі.
Шақантай бастаған топ,
Он еселеп,
Батырдың Шыңқожадай кегін алды.
Босты жау.
Азайғандай қауіп алдан,
Асқақтап тұрды қарап тауы барған.
Жерледі Шыңқожаны биік шыңға,
Оң қолдын саусағымен тауып алған.
Туралған басқа дене сүйегімен,
Батырды қорлады елін сүйе білген.
Қалса да бір саусағы,
Қазақ халқы
Ерлікке ұлы басын ие білген.
Шақантай Шыңқожаны ұға білді,
Сияқты болып жүріп мұғалімі.
Деді ол:
– Мəңгі жасай берері хақ,
Анадан Батыр болып туа білген.
Аякөз қаласының шығысында,
Бір шың бар таңғалатын тұрысында.
Көмілген сонда батыр бір саусағы,
Айналып мəңгілікке ұлы Шыңға.
Бұл шыңды Ер Шақантай құрметтеген,
Жүрсе де жаугершілік дүрмекпенен.
 Жолай өткен жолаушы қарт, бала да
Бұл шыңға тəу етпей құр кетпеген.
Ол қазір Тарбағатай тауы атанған,
Аякөз шығысында дана қорғанШыңқожа деген ауыл əлі де бар,
Жолдары жан-жағынан салаланған...
Бұл жерге талай барып,
талай кеттім,
Жаныма жусандарын балай өптім.
Ол жерде Балөріктей əпекем бар,
Нұрынан жаралғандай арай көктің.
Бұл жайлы көмейімде қыстыққан əн,
Жеп жатыр күйіктерім ішқұрт болған.
Бұл жақтың адамының бəрі туыс,
Жерінің тастары да ыстық маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу