Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  88


Автор: Құл-Керім Елемес

МОНТАНЫ

Ақымақпын, ақымақтарды «дос» деп кеппін,
Шындыққа достық жайлы бос беттеппін.
Кетті деп өзім менен өзім болып,
Жоғымды, барымды айтып ескектеппін.
Әй, рас оларсыз да ас батпайтын,
Болса олар көңіл шалқып асқақтайтын.
Көрмесем жалғыз сәтке сағынушы ем,
Қайрандар болды қазір қашқақтайтын.
Шын деппін, достығымыз рас деппін,
Ол достық мәңгілікке мұрас деппін.
«Жолымыз, мұратымыз, – дұғам да ылғи, –
бір болып асулардан бір ас» деппін.
Қатем сол оларды тым артықтаппын,
Көңлімді келсе-келмес хар сықтаппын.
Қазыр жоқ жанымда олар жалғыз қалдым,
Сөйтем деп басқа қайғы артық таптым...
Оларға тигізбен деп кесірімді,
Шығарып ақыл бойдан кесір үнді,
Аллаһтың ризасы үшін сұраудамын
Сұраса кешейін деп кешірімді.
Кешірім көп сұрадым кешейін деп,
Түйінді арадағы шешейін деп.
Ал олар бір кешірім сұраған жоқ,
Жүр ме екен ат кекілін кесейін деп?..
Әй, мүмкін, менмендерін жеңе алмауда,
Хақ діннен дерттеріне ем алмауда.
Бойдағы білместікті кетіруде,
Өздерін өздері өте кем алдауда...
Оң істің өзін ылғи теріс бөгеп,
Мұрындық бола тұра керіске көп,
Кісідей күнәсі жоқ монтансиды,
Құдды бір өздері тек періште боп...
2011.9.28




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу