08.02.2022
  143


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

Қарақұмдағы құрылтайда

Дуалы ауызды ақсақалдардан бата алып, батырдың немересі атанып, тезірек жігіт болуға асыққан
Жәнібек енді Қарақұмдағы құрылтайға тартты.
Әр заманның тұсында әр елдің өз дұшпаны болады дейтін үлкендердің сөзі ақиқат. Кейінгі кезде «Ана ру шабылыпты», «Пәленшебай жаудан ақсирақ болыпты»,
«Түген атаның шаңырағын жау ортасына түсіріп кетіп- ті», «Жауыздарды тау асырып, қуып тастапты» сияқты қаңқу сөздер елдің аузынан жиі естіліп жататын.
Онымен қоймай, ел арасындағы «билеушілер мен би- лердің» де жүз-жүзге бөлініп, ру-руға жіктелу дерті қоза бастапты. Бас-басына «би» болудың ешбір жақсылыққа апармайтыны бесенеден белгілі. Татулық, ауызбірші- лік жоқ жерде береке мен бірлік болмайды. Басы бірік- пеген елді дұшпаны басынып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні де ақиқат. Солтүстіктегі аю көрші – Ресей патшасының көзі қиянда, алып та жеймін, шалып та жеймін демесіне кім кепіл. Әттең, батыстағы көршілерімен саяси «соғыс» ұйымдастырып қолы тимей жүр. Аждаһа көрші Қытайдың сыпайыла- нып отырып, байқатпай жұтып салатын әдеті тағы бар. Егерәкім шүршіттер мен қалмақтар екеуара соғысты қойып келісімге келсе, құжынаған қара қытайлардың:
«Ей, жіпсік көз, айдарлы төбет, менде нең бар. Анау жы- лы-жұмсақ – қазаққа неге төнбейсің?» деп айдап салары айдан-анық емес пе.
Елмен бірге ұлы жиынға ат сабылтып келген он бес жасар Жәнібектің үлкендерден сұрап білуінше, ел билеген Әз-Тәукенің бар қазақтың басын қосып, құрыл- тай шақыруының себебі де, міне, осы жайлар екен.
Жәнібек жиналған дүйім жұрттың ішінен қазақтың Бөгенбай, Қабанбай сынды батырларын ал- ғаш рет көрді. Сонымен бірге бас-басына би болған өңшең өркөкіректерді де осы
құрылтайдағы айтыс- та байқады. Құдды
 
бір-бірінің ділмарлығын сынағандай, түге. Ой- пыр-ау іске емес, сөздің майын тамызып, дау- ласудан алдына жан салмайтын мұндай даукес халық болармыз ба? Әуелі, тіпті жау  шапса, бірі Орал тауына қарай қашу, енді бірі діндес ағайындардың арасына сіңу туралы әңгіме қозғады.
– Біз сонша намысы жоқ халықпыз ба? – деп жас Жәнібек іштей қатты күйінді.
Осы бір сәтте Бөгенбай батыр шыдай ал- май орнынан атып тұрып:
 
– Уа, ағайын! Ұлымызды құл, қызымызды  күң етіп,  жайларымызды  жатқа   беріп,   мал-жанымыз- ды дұшпанға талатқанша, қара жердің астына неге түспейміз? Желбіретіп ту көтеріп, найза ұстап, батыр бабаларымыздың үрдісімен ата жауға неге қарсы аттан- баймыз? Сүңгіміздің ұшы мұқалып, айбалтамыздың жүзі майырыла ма? Жүректерің неге шайлығады? Дұрыстап құлақ салыңдар! Бүгіннен бастап шыбын жа- ным Алланікі, сонан соң халқымдікі. Алты алашымыз аман болсын! Қылыштарың қайраулы, найзаларың сайлаулы болсын, – деді зор даусымен гүрілдеп.
Нағыздың өзі екен. Қылышын қынынан суырып алып, жеңін түріп жіберіп, алдаспанның ұшын білегіне кірш еткізді.
– Міне, қаныма боялған семсерді көріп тұрсыңдар. Қасық қаным қалғанша, туған жерімнің топырағын қалмаққа бастырмауға ант беремін, – деді Бөгенбай.
Батыр оңтүстікте Бөген өзенінің бойында туған, кейінде ата-мекені Ерейментау маңына ауыса көшкен қанжығалы руынан еді.
Жиналған жұрт Бөгенбайды қолдап кетті. Әр ру өз ұрандарын айтып ант ішті. Шындығында қазақ ұлтын- да (жалпы көшпенділер елдерінде) ант бұзу – құран мен нан аттаудан да ауыр күнә.
– Найман ата, аруағыңа сыйындым!
– Бәйдібек баба...
– Қаптағай баба...
Құдай жолында бозқасқа айғыр құрбандыққа шалы- нып, құрылтайға жиналған үш жүздің баласы қанын маңдайларына жағып, тәу етіп, ырым қылысты. Әрине, бой тасалап, жөнеп кеткендер де болды. Бірақ қалай дегенде де бұл Құрылтай «жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегенді білдіріп, бірліктің құдіретін еске салды. Құрылтайдың негізгі мақсаты да жар астындағы қалмақтан қорғануға шақыру еді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу