Шәкен Күмісбайұлы

1943 жылы 17 қазанда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында туған. 1965 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген. Өз ауылында мұғалім, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Қазақ елі», «Ана тілі» газеттерінде әдеби қызметкер, республикалық «Бала би», «Айгөлек» журналдарында жауапты хатшы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов мұражайында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Қазір «Балалар әдебиеті» баспасында бас редактор болып қызмет етеді.

Алғашқы әңгімесі «Жеңеше» деген атпен 1965 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған. 1971 жылы, 1975 жылдар екі мәрте балалар мен жастарға арналған «Жалын» бәйгесінде жүлдегер болған. «Филипп Морисс», «Астана – Бәйтерек» сияқты балаларға арналған әдеби конкурстарында бас бәйге, «Балауса» бәйгесінде екінші орын алған. 1983 жылдан бері Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, кейінде басқарма мүшесі болды. 2008 жылы «Солақай» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесін ұйымдастырушысы. «Жүректен жүрекке» атты ұлттық журналистер мен ақпарат құралдары байқауының бас бәйгесін алып, «Қазақ тілді баспасөздің үздік журналисі» атанған.

Жеке әңгімелері украин, орыс, белорус, монғол, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған топтама жинақтарға енген. 2008 жылы қазақ балалар жазушыларының «Балалар бағының бағбандары» атты анықтамалық жинағын құрастырған. Алматы облысы, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы». «Қазақстан Республикасына 20 жыл» медалімен марапатталған.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: