Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  90


Автор: Шәмшия Жұбатова

* * *

Аула ішінде аппақ гүл көміп есік,
Жұлдыздарым жанады өліп-өшіп.
Өң мен түстің ішінде талықсыдым,
Өлең түсті қызғалдақ өмір кешіп.
Көлеңкеден күнгейдің жырын іздеп,
Тоғысады тау жақтан қырық із кеп.
Көк майсаның үстіне құлап едім,
Көктем келіп оятты тұрыңыз деп.
Қайда барып мен енді тұрақ табам,
Ғұмыр шіркін тұрады бір аптадан.
Қызғалдақтар жайнады ойда жоқта,
Қып-қызыл күн секілді қыр аттаған.
Көз жасымды құрғатты көктем ішіп,
Жарысуға гүлдегі жетпеді шық.
Адаспастан, дариға, тапты мені
Тырналардың дауысы жеткен ұшып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу