07.02.2022
  165


Автор: Мұхтар Шерім

ПИСТОЛЕТ «ҚҰШАҚТАП» ЖАТАМЫЗ...

 


Жан деген тәтті. Жаны қышқыл, ештеңеден қорықпайтындар аз шығар? Теледидарды қосып қалсаң, қорқынышты хабарлардан мұрның бітеліп, кеңірдегің кеуіп, тынысың тарылып, жүрегің бір жаққа жүгіріп кеткендей, көздерің домалап барып, есікке қыстырылып қалғандай күй кешесің... «Пәленшені атып кетіпті, түгенше суға батып кетіпті, пәленшелерді қарақшылар қырып салыпты, бір кемпірді он шал зорлап кетіпті...» сияқты жаңалықтар жағаңды жыртып, тікенектердің арасында тыржалаңаш жатқандай, денең түршігеді... Бір түні әйелім екеуміз шошып ояндық. Дарбазамыздың есігін біреу тоқпақтап жатыр. Дереу киініп, ойымда ештеңе жоқ: «Бұл кім?» деп сұрадым. «Қарным аш. Бір кусок нан беріңізші» деген жылаңқы дауыс естілген соң, есікті аша қойып едім, бет перде киген екі жігіт кіре сала қолымды қайырып, жерге атып жыққаны!


--Ирелең көшесіндегі он үшінші үй осы ма?—деп сұрады бірі.


--И-ирелең көшесі, бірақ он бесінші үй...


--Үйде не бар?


--Тас жоқ...


--Кешіріңіз, біз шатасып кетіппіз...—деген екіншісі пистолетін ышқырына қыстырып алып, қасындағысын сүйреп әкетті... Ал сол күні ұйықтай алсақшы! Полиция шақырып едік, «Атқан жоқ па? Тірісіңдер ғой? Онда неменеге барамыз?» деп келмей қойды... Бұрын әйеліміз екеуміз не болса соған өкпелеп, теріс қарап жатушы едік, қазір сондай керемет татумыз, құшақтасып қатып қаламыз... Қорқыныш та махаббаттың «маздауына» әсер етеді екен. Бірдеңе қыбыр етсе, жыбыр-жыбыр ете қаламыз. Ауылдағы әке-шешемнің қолында жүрген екі баламызды ойлап уайымдадық. Екеуміз өліп кетсек, байғұс балаларымыз жетім қалады-ау деп... Арада екі күн өткенде, шаңқай түсте әйелім шыңғырып жіберді. Дарбазаның есігі ашық еді, бет перде киген екі жігіт әйелімнің қолын қайырып, аузына баклашкадан айран құйып жатыр! Жүгіріп келіп едім, бірі пистолетін шошаңдатып:


 


--Ирелең көшесіндегі 25-ші үй осы ма?—деп сұрады. Жыным келді.


--Немене пәлесіңдер? Неменеге шатасып келе бересіңдер? Өз күнімізді әрең көріп жүргенімізде, сендерге немізді береміз? Байлардың үйіне бата беріп шығарып салады деп пе едіңдер? Қандай қарақшыларсыңдар өзі?—деп айқайлап кеп беріп едім, «кешіріңіздер, шатасып кетіппіз..» деді де, қашып кетті. Полицияға хабарлап едік: «Сіздерді әлі атқан жоқ па не? Тірі болсаңыздар бопты...» деп келмей қойды. Сол күні балшы әйелге барып бал аштырдық. «Нашақор қарақшылар болса, кедейсің бе, байсың ба, оған қарамайды, мың теңге үшін де өлтіре салады. Сондықтан, дарбазаларыңыздың сыртына ақ кірәскімен:


«Битімізді сығып, қанын жалап отырмыз!» деп хабарландыру жазып қойыңыздар...»—деп шығарып салды. Көршіміз айтты, «Ең дауасы-- газды пистолет сатып алыңыздар, кім болса да атып саласыздар, көздері ашып, бес минутқа талып қалады...»-- деді.   Әйеліме де, өзіме де екі пистолет сатып алдым. Ит үрсе болды, жастықтың астында жатқан пистолетімізді суырып алып, есік жаққа кезенеміз. Жақыннан ғана ату керек екенінде, газы алысқа жетпейтінінде жұмысымыз жоқ. Бір күні кешке дарбазаның есігі қағылды. Әйелім екеуміз шпиондарша бұғып, бірде жер бауырлай жылжып, бірде арқамызды түйістіріп, екеуміз екі жаққа қарап қойып, есікті аштық та, атып салдық... Сөйтсек, көршіміздің әйелі екен, тұз сұрап келген... Шыңғырып, шалқасынан түсті. Көздерінен жас парлап, жер бауырлап жылағанда, өзіміз қосыла жыладық. Кешірім сұрап, айлық алған күні бір қапшық тұз апарып беретін болып, әрең құтылдық. Бірақ пистолетімізді тастамадық... Қалай тастайық, теледидарды қосып қалсаң, «пәлен деген кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасап, бауыздап кетіпті, түген дегеннің үйін өртеп жіберіпті...» деген сұмдық оқиғалар ойыңның ойранын шығарады. Әнеу күнгі оқиғалардан кейін


«шок» дейді ме, шоқ дейді ме, жаман қорқып қалдық... Есігіміздің алдында есек жоқ болса да, өзімізді миллионер кәсіпкердей сезініп, немесе арам ақшамен әбден байып алған алаяқ адам секілді, үрейдің шарын үрлеумен күй кештік... Тағы бір күні дарбазаны біреу ұрғылады. Ай –шай жоқ, есікті аштым да, атып жібердім. Сөйтсем, өзіміздің құда екен... Інімнің қайын атасы... Ұят болды... Одан кейін газ тексерушіні де атып салыппын... Атпаған адамым жоқ... Қайтейік енді, мына қорқынышты қоғамда дірілдеп өмір сүріп жатсақ... Түнде жатсақ, қойнымызда пистолет. Соны құшақтап, сипалап, шүріппесінен сүйіп жатамыз... Құдай тыныштық берсін, жұмыр басты пақырларына... Ойбай... Біреу есікті ұрып жатыр... Тс-с-с...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу