06.02.2022
  152


Автор: Сарбас Ақтаев

АБЫЛАЙДЫ БҮКІЛ ҚАЗАҚ ХАНЫ ҚЫП БЕКІТПЕГЕН КІМ?

Біреуді төбеге бір көтерсек, қайтып түсірмейтініміз неліктен екен, осы? Абылайды Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, барша алаш баласын билеген деп қазір жер-көкке сиғызбаймыз. Ал шынтуайтқа келсек, ол Орта жүздің ғана ханы болған емес пе! Күні кешегі Қазақ кеңес энциклопедиясында тайға таңба басқандай ғып тап солай жазылған. Өткен ғасырдағы орыс құжаттары да осыны растайды. Сонда қалай, қазақ мемлекетін жалғыз Орта жүз ғана құраған ба? Кәне, құдайшылығын айтыңыздаршы, өзі!..


Таяуда бір досымның тарпаңдай дігерлеп, екі аяғымды осылайша бір етікке тыққаны бар ғой. Құжат-құжат деп тістей қабысып, әліптен аспай қатып қалсақ, бұған жуыр маңда жауап таба қою да оңай емес. Жалпы «жақсыға сөз ереді» деген халық қағидасында жан бар сияқты. Шынында да, жақсыға сөз еріп, сөз және тез еріп, тұғырдағы тұлғаларды өрмекшінің торындай шырмап тастайтыны анық та. Ол шырмаудан әр кезеңде ел тізгінін ұстап, көптің көсемі, топтың шешені болған кемеңгер бабаларымыздан бастап, бүгінгі Елбасымызға дейін сытылып шығып кеткен ешқайсысы жоқ. Ауыздықпен алысқан алып-қашты сөз қашан болсын құйындай ұйтқып кез келген дәуірді, кез келген қауымды дүрліктіріп баққан ғой. Үритсоқ сол сыпсың сөз, әсіресе, жүрегі от, жігері өрт Сабалақ жылқышының топ жарып шығып, ата жауға «Абылайлап» ат қойған күнінен бастап, сүйегі туған топырағына сіңгеніне екі ғасырдан асса да, Абылай ханның қыр соңынан әлі күнге дейін қалмай келеді. Әу баста оның төре тұқымынан шыққанына шәк келтіріп, түбі, тегі туралы бір байламға келе алмай, әрең басылған жұрт, енді жарықтықтың жансыз суретін дауласқа салып, жақ-жақ болып айтысуға айналды.


Абылай бейнесі сөз болса-ақ, ойыма әсте Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы бір көрініс оралады. Шоқанның екі- үш жастағы кезі болса керек. Жаздың жалпағында Шыңғыс сұлтанның Сырымбеттегі ауылына хан ордасына тәу етіп қайтқалы Балта керей Тұрсынбай батыр келеді. Абылайдың қандыкөйлек серіктерінің көген түбіндегі көне көзі боп қалған қарт батырдың сексеннің ішіне молынан енген шағы екен. Аға сұлтан томпаңдап жүгіріп жүрген тұңғышын жетектеп әкеп, қадірмен қарттан бата сұрайды. Бала Шоқанды көрген бойда-ақ қарт батыр еңіреп жылап қоя береді.


-Сабыр, сабыр етіңіз, ата! Көңіліңіздің босағаны несі? Жайдан жай неге жыладыңыз? – дейді бәйек болып Шыңғыс қадірмен қонағын жұбатып.


-Апыр-ай, мынау кішкентай, ағаға қалай тартқан! Тура, өз аузынан түсіп қалғандай екен. Көзіне көзім түскенде, хан «иеммен үзеңгі қағыстырып қатар


 


жүрген күндерім, алдаспанды жарқылдатып жауға бірге шапқан кездерім елес беріп өткендей болды. Иншалла, бабасының бақыты қонып, атақ-даңқын айдай әлемге жаятын ұлан осы болғай, -депті қарт қаһарман көзінің жасын тыйып.


Әлбетте, бұл Сәбеңнің ойдан шығарған қисыны емес, ел аузында ежелден бар әңгіме. Мұны халқымыздың тарихына ту бастан-ақ құлағы түрік Мұстафа Шоқайдың білгенінде шәк жоқ. Қырқыншы жылдардың басында тұтқынға түсіп, неміс түрмесінде отырған ақын әрі суретші Мәжит Айтбаевқа Абылай ханның суретін салуды тапсырғанда, оның Шоқан бейнесін негізге ал деп ақыл беруі бұл пікірімізді бекіте түседі. Қазақ өнерпазы жау торында жатып салған, жарты ғасырдан астам көзіміз үйреніп, көңілімізге әбден ұялаған Абылайдың сол суретін өзгертеміз деп сан-саққа жүгіртудің не қажеті болды екен? Оразақ деген археолог бауырымыз Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарының қалтарыс қуысынан табылған бір басты Абылайға теліп, ханның жаңа суретін де жасап шығарды. Одан әзірге басына тәж кигізіп, қанша безендіргенмен, зоб ауруына шалдығып, көзі шарасынан шығып кеткен дімкәс шалды ғана көріп жүрміз. Алдияр болса болар, бірақ Абылай емес.


Оның үстіне ханның аузында жиырма жылдан астам бір тіс болмапты деген болжамына тағы да түсінбедік. Бәз-бір жерде Қаракерей Қабанбай Абылайға


«орыпық» деген екен, деп жылдырмалатады. Мың жерден батыр болса да, ханға батып, табиғи кемшілігін бетке басып «опырық» деп кемсітуі екіталай ғой. Олай десе, одан асқан әдепсіздік, одан асқан әбестік бола ма? Ал әзілдеп айтса, қалжыңдасуға бір тістің де түсіп қалуы жетіп жатыр. Ғалымның сүйенгені орыс дерегі болса, ондағы «беззубый» азусыз, батымсыз деген сөз емес пе?! Аузында бір тісі болмаса, иегі шығып кетіп, адам сөз сөйлей ала ма? Сонда хан ширек ғасырдай сақау боп жүргені дейміз бе?!


Жарықтықтың бойын да аямай-ақ аласартып жіберіпті. Арғымақ атқа ырғып міне алмайтын тәпелтек қана біреу болып шыққан. Балалық шағы алапат ашаршылық пен сұрапыл соғыс жылдарына тап келіп, бойы шарлау болып қалған қайсы бір ұрпағы «бабамыздың да бойы біздей ғана   екен» деп мәз болғанымен, біз оған қуана да, илана да қойған жоқпыз. Аузын айға білеген барша қазақ батырларын бастап, ұрысқа өзі бас болып енетін жаужүрек сайыпқыран сардарды шапаты ғана бойы болған деген сәуегейлік көңілге қонбайды-ақ.


Жалпы Абылай мүрдесін мазардың ішінен іздеуді кім ойлап тауып жүр? Бұдан бір жарым ғасыр бұрын оның ұлы шөбересі ғалым Шоқан оны Қожа Ахмет Ясауи мешітінің түбіне жерленген деп ап-анық жазып кеткен жоқ па еді. Мавзолейдің түстік қапталында күмбезді үш бейіттің «Есім, Тәуке, Абылай зираттары) қатар тұрғанын көзі көрген қариялар әлі де табылатын шығар. Ал бертін құлаған кірпіштері тоналып, орны қалған қабірлердің бульдозерімен тегістеліп жермен жексен болғанын қала тұрғындарының бәрі біледі. Біле тұра жоқты қолдан жасап, зорлану ұлы баба аруағын қорлау болып шықпай ма? Осы орайда жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің жанайқайын өз басым халық тарихына деген жанашырлық, құдіретті тұлғаға деген құрмет деп білемін.


Сол сияқты күні осы уақытқа дейін Абылайдың туған жылының басы толық ашылып, анықталмай жүр ме деген де күдік келеді. Оның дүние салған уақыты


 


белгілі. 1781 жылғы мамырда Сібір желісінің қолбасшысы генерал-майор Огарев Сыртқы істер алқасына құпия хат жөнелтіп, онда Орта жүз қазақтарының ханы Абылайдың қайтыс болғаны туралы хабарлайды. «Мамырдың 23 жұлдызында марқұмның ұлы Уәли сұлтан, Қожаш батыр мен Тәуекел молданы жіберіп, әкесінің жорықта жүріп, кенеттен жабысқан аурудан 69 жасында опат болғанын, оның елу жылдай Ресей жағына адал қызмет еткенін баяндапты, дұрыс түсінілуі үшін сол хаттың көшірмесін өзіңізге жөнелтіп отырмын» деп жазады генерал (ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары». Алматы. «Ғылым» баспасы, 1964 жыл. Очерктегі деректердің дені осы жинақтан алынған).


Ал Уәли ханның өзі 1781 жылғы тамызда патшайым Екатерина екіншіге жазған хатында былай дейді: «Осы жылдың мамыр айында жасы 69-ға толған шағында әкем Абылай хан дүние салды. Сіздердің қанаттарыңыздың астында елу жыл қалтқысыз қызмет еткенде өзіне де, өзгеге де нұқсан келтірген жоқ еді. Әкемнің артында отыз ұл қалды. Бәрі де осы ордада сұлтан болып, ел билеп, патша ағзамға адал қызмет қылды... Қарапайым халық жиналып, жұртшылық кеңесінде әкемнен кейін мені хан көтеріп, ел билігін қолыма бергенімен, соған өзіңіздің мархабатыңыз бен сенім-хатыңыз керек болып отыр». Абылай ханның, қазіргі айтылып жүргендей, жетпісте емес, алпыс тоғыз жасында өмірден өткені бұл деректерде айдан анық. Сондықтан ханның дүниеге келген жылын 1712 жыл деп алған әрі дұрыс, әрі әділдік болар еді.


Дәл осы жылы шілденің 25 күні Қытай Ежен ханының: «Қзақ ханы Абылайдың қазасына белгіленген рәсім бойынша аза тұтылсын» деген жарлығы шығып, баласы Уәлиге көңіл айтып, хан рухына ас беру үшін сарай ұлығының бірі жіберілетінін хабарлапты («100»құжат, Алматы, «Санат» баспасы, 1999ж). Әдетте мұндай құрмет бір ұлыстың ғана емес, бүкіл ұлттың билеушісіне көрсетілсе керек-ті. Асылы Абылайды, Қытай елінің, қазақтың, алғаш Орта жүздің ханы деп танып, тікелей қарым-қатынас жасауы ХVІІІ ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Билікке мұрагерлік жолымен емес, майдангерлік жолымен, батырлығымен көзге түсіп, қолы жеткен ол алғашқы бетте бұрынғы бедел ханның қасындағы атқарушы билік иесі ғана болып, жан-жақпен құлашын кең жайып, байланыс жасай алған жоқ. Әбілмәмбет ағасы жайлы орын іздеп, Түркістанға ауысқан соң ғана, оған ұлы даланың билігі басы бүтін тиді.


Ата жолынан аумай, үлкеннің алдын орамай, билікті әдеппен жүргізгеннің өзінде де тізгіннің кімнің қолында екенін айналадағы жұрт жақсы біліп, төңіректегі көршілер Абылайды жаппай хан деп таныды. Бұл оның Қытаймен де, Ресеймен де бірден байланыс орнатып, тату көршілік қатынастарды өрістетуіне жағдай жасағаны сөзсіз. 1757 жылы Қытай Еженханына хат жолдап: «Ата- бабамыз Есім және Жәңгір хандардан бермен қарай Жүңгоге елімен хабарласа алмап едік. Міне, ұлы мәртебелі патшасының әмірі бойынша қиыр шалғайда жатқан руларыңызға рақымшылық көрсетіліп, олар қуанышқа кенелді. Патшаның мейірімімен мерейленіп, бәріміз де еміреніп отырмыз. Мына пақырыңыз Абылай бүкіл қазақты бастап Жүңгоге ел болуды тілейді. Жүңгонің ұлы патшасы, тілегімізді қабыл алғайсыз», - деп дұғай сәлем жолдағанда, Еженханның қазақ билеушісін «көпті көрген, жөн білетін жағдаймен санасатын, істің ретін табатын»


 


адам деп танып, «осы адалдық бойыңызда мәңгі тұрса, сіздерді сөз жоқ ұдайы жарылқап тұрар едім. Бізге деген адалдығыңыз, жұртыңызды ойдағыдай басқарып барға шүкіршілік етіп, қауымыңыздың кәсібі мен нәсібін ойлағандай орнықтыруыңыздан табылмақ» деп, оған бірден халдық белгі жіберуі тегін емес.


Абылайдың Жүңго елімен жүргізген сындарлы саясаты әлі де шапқыншылығын доғара қоймаған жоңғар басқыншыларының аптығын басып, арынын ауыздықтауға, түптің түбінде бірін-біріне айдап салып, жойып жіберуге жағдай туғызып, елінің еңсесін көтерді. Ақыры, Қалдан Сереннен кейін қалған билеушілері алтыбақан алауыз болған жоңғарлар өзді-өзі қырқысып, жойылып Тарбағатай өңірін қоныстанып алған қазақ рулары жоңғардан босаған жерге қанат қанат жайып, атемекенін қалпына қайта келтірді. Шығыстағы көршілермен тиімді де тату қарым-қатынас қалыптасуы сауда-саттықты ұлғайтып, қазақ қоғамының дамуына игі ықпал етті. Сауданы өрістетумен бірге елді егіншілікке бейімдеуге күш салды. Қытаймен мемлекеттік сауда жасай отырып, өзбек-ұйғырлармен халықтық сипаттағы сауда-саттықты дамытты. Ресейден адам жалдап әкеп жергілікті жұртқа егін салуды үйретті.


Хан ретінде Абылай билігінің барынша күшейген тұсы алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басы. Бұл кезде қазақ дүмділері мен атқамінерлерінің өзара ырғылжың қайшылықтарын оңтайлы пайдаланып, өзіне қарсы күштерді әлсіретіп, бар биліктің тізгінін қолына алды ол. Хандық билікті орталықтандыру саясаты арқасында оның пәрмені Ұлы жүз бен Кіші жүз қиырларына да жетті. Бір ғана Жетісу қазақтарын, сұлтан болып, оның алты ұлы басқарды. Хан беделінің күрт өсуі әрине Ресей патшалығына ұнаған жоқ. Бодандық рәсімін ұстанып, орта орданың ханы ретінде ант беріп, орыс патшалығына бағынуын талап етті. Алайда, Шоқан Уәлихановтың ашық айтқанындай, «Абылай ант беру үшін орыс шекарасына барғысы келмеді. Мені хан етіп, халық сайлап, Көктің ұлы өз сенім-хатымен бекітті» деп жауап берді. Патша әкімшілігі әр алуан әрекет жасап, Абылай иелігінде елді іштен ірітіп, ыдыратуға да тырысты, тіпті оның өзін ұстап әкетпек те болды. Алайда, Абылай оған қарсы амал қолданып, құрған тордың талайынан сытылып шығып, құтылып кетіп отырды.


Осы екі ортада жылы хан Әбілмәмбет қайтыс болып, Түркістанға бір жағынан соның асына, екіншіден, хан сайлауына ағылып келген үш жүздің жақсы мен жайсаңдары Абылайды күллі қазақтың ханы етіп, ақ кигізге көтерді. Сөйтіп халқы қалап оны исі қазақтың үш жүзін түгел билейтін хан етіп тағайындады. Бұл хандық билік қалыптасып, қазақ мемлекеттігінің керегесі қаланып, шаңырағы биіктеген кез болды. Жоңғар хандығының күлі көкке ұшып, қазақтардың жері кеңіп, ата-қонысын қайта іздеп, Алатау, Алтай баурайына, Ертіс пен Іле бойларына өрісін жайып, салқын тау, самал көл жағаларына мыңғыртып мал бағып, алаңсыз өмір сүріп жатты.


Дегенмен, елдің батыс шекарасында Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі шырыш бұзбай қойған жоқ. Жайық қаласын басып алып, Орға дейін жетіп, шекараға жақын орналасқан қазақ ауылдарын бүлікке үндеді. Міне, дәл осы тұста Абылай хан бастаан қазақ билеушілері сарабдал саясат жүргізіп, жаңа патшамын


 


деп кеудесін қаққан көтеріліс көсемінің де көңілін қалдырмай, орыс әкімшілігінің де күдерін үзгізбей, тізгінді тің тартып отырды. Ал елдің өз ішінде бүлік шығарғандарды хандық қатаң тәртіптің тезіне салып, түзу жолға түсірді. Қазақ жеріне көз алартып, малына қол сұққан сыртқы жаулардың сазайын табанда тартқызып бақты.


Бұған оның Орынбор губернаторы И.Рейнсдорпқа жолдаған мына бір хаты да дәлел бола алады. «...Менің қарауымда сондай-ақ Ұлы және Кіші ордалар да бар, - деп жазады ол. – Ұлы жүз қазақтары Түркістан қаласына таяу, Тәшкент уәлаятында тұрады. Ол уәлаятта менімен жауласып жүрген қырғыздар да бар. Міне, солар біздің адамдарға дамыл-тыныштық бермей, әлсін-әлі шабуылдап, ауылдарын тонап, қатын-баласына дейін тартып әкетіп жүр. Бұндай озбырлықтан біді қорғай көріңіз деп көз-жасыммен өтінемін. Тентектерді тыйсын, бұзықтарды бұғауласын деп балаларым мен бауырларымды, елдің жақсы-жайсандарын аттандырдым. Олардың артынан ата-мекен қамы үшін өзім де атқа қонғалы отырмын». Байқайсыз ба, беймаза дұшпанның сазайын беру үшін ханның өзі бармақ, бас бағып, бұғып отырмақ емес. Бұл отжүрек, отаншыл билеушінің бағзыдан бергі батырлығы мен батылдығы, қашанда қасқайып өзі алда жүретін дәстүрлі дағдысы.


Ел іргесін бекітіп, ішкі-тысқы жағдайларды реттеп, хандық биліктің орталықтандырылған жүйесін жетілдіріп, тәуелсіздікті бекіте түсемін деп жүргенде арада алты-жеті жыл өте шығыпты. Кім білсін, әуелі дербес тірлікке дағдыланып алайын деді ме әлде шаруалар бүлігі әлек-шәлегін шығарған үлкен ел аяқ-қолын бауырына алсын деді ме, Абылай бүкіл қазақтың ханы боп сайланғанын орыс үкіметіне кезінде хабарлай қойған жоқ. Тек 1778 жылғы ақпан айында баласы Тоғым төрені басшы етіп, Уәли, Шыңғыс, Ғұмар сынды ұлдарын Дат, Тәуекел тәрізді батырларды, Мәмет Бекшин, Рыскелді Әбділзәлелов, Таңғыт Сатыбалдиев сияқты ел адамдарын ертіп, Орынборға, одан әрі Петерборға елшілік жіберіп, патшайым Екатерина екіншіге хат жолдап, хандық дәрежесін бекітуін өтінді. Осындай өтінішпен оның алдында жолдаған бір хаты жауапсыз қалған соң, ең жақын, жанашыр деген жандардан елшілік жасақтап, арнайы тағы да жіберіп отыр. Алғашқы хатында мынадай жолдар болатын: «Ұлық мәртебелі патшайым, қазақ жерінің билеушісі мен, Абылай хан, көп жылдан бері өзіңіздің нұр жүзіңізді көріп, лебіңізді өз аузыңыздан естуге құмар едім. Асқан ұлы патшайым, әкелеріміз бен бауырларымыздың көзі тірісінде бәрі де сұлтан болғанын қаперіңізге сала кетуге рұқсат етіңіз, міне енді менің иелігімдегі қазақтар мен олардың басқа да билеушілері мені хан болуға лайық деп тауып отыр. Өз қағандығыңызда мені Абылай хан билеуші деп бекітіп беруіңізді өтінер едім». Мына хаттағы тілек те дәл сол тақылеттес. «Айтқандай, биік мәртебелі патша ағзамның ұлық қасиетті сарайына мынаны жеткізуді парыз санаймын: менің бабаларымның туысқандары болып келетін Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар дүние салып, олар пәниден өткен соң хандық мәртебесі маған қалды, - деп жазады ол. – Олар қайтыс болғаннан кейін күллі қазақ ордаларының Ұлы, Орта және Кіші жүздің, Тәшкент қаласы мен Түркістан уәлаятының хандары мен сұлтандары жиналып, 1771 жылы жалпы келісіммен, мұсылмандардың кие тұтар әулиесі


 


Қожа Ахметтің мүрдесі жанында дәстүр бойынша дұға оқып, мені қазақтың үш жүзінің ханы деп жариялады. Алайда, қалыптасқан әдетке орай, бұл атаққа мен, ұлы мәртебелі патшайым, өзіңіз бекіткенде ғана ие бола аламын. Сондықтан, маған осы дәрежені қиып, алтын мөріңіз басылған сенім –хатыңызбен бекітіп беруіңізді сұраймын».


Патшайым пікір білуі үшін бұл өтінішті Сыртқы істер алқасына жіберген сынайлы. Әрине, отарлау саясатының жөн-жосығы мен жоба-жоспарын жасап, жүзеге асырып отырған арнаулы мекемеге болу ниеті, оны Абылай сияқты ақылды да айлалы, алғыр да батыл адамның билеуі ұнай ма! Канцлер Н.Панин қол қойып, Екатерина екіншіге өз ұсынысын түсіреді. Онда өтініш білдірушіге қара бояуды жағыңқырап, дәйек-дәлелдерін бір бастан жоққа шығару сарыны басым. Ең алдымен Абылайдың үш жүздің хандары мен төрелері ортақ келісімге келіп, бүкіл халықтың басшылық тізгінін өзіне берді дегеніне күмән келтіреді. «Ұлы мәртебеліге алқа мынаны хабарлау ләзім деп біледі, - дейді олар. – Сұлтанның барша қазақтың атынан бұлайша сайлануы өзінің басымдығын әдеттегіден артық бағалауы деп білеміз. Қазақтардың Үлкен ордасы Абылай тұратын Орта жүзден шалғай өзінше бір тәуелсіз қоғам. Алынған мағлұматтарға қарағанда оларға достық ниеті де аздау. Ал Кіші орда да, Орта жүзге тәуелсіз, бөлек өмір сүріп жатыр. Оның патша ағзам 1749 жылы бекіткен өз басшысы Нұралы хан бар. Дәл оның Абылайды хан көтеріге қатыса қоюы неғайбыл дей келіп, Ұлы және Кіші жүздер жайында ләм-мим деп тіс жармай Абылай сұлтанды Орта жүздің қайтадан сайланған ханы ретінде бекітіп жіберіңіз деген ұсыныс енгізеді. Сол күні-ақ, яғни ұсыныс түскен 1778 жылдың 28 мамырында Екатерина екіншінің Абылайды Орта жүздің ханы етіп тағайындау туралы сенім-хаты мен күллі қазақ халқының сұлтандары мен рубасыларына жолдауы жарқ ете қалады. Сөйтіп, отаршыл елдің


«бөлшекте де, билей бер», саясаты тағы да өктем шықты. Патша үкіметі үшін біртуар бірегей тұлғадан гөрі, әліптен аспайтын, бұра баспайтын, бас-басына би болар өңшең қиқым басшысымақтар қажет болды. Оны патшайым Орынбор генерал-губернаторы О.Игельстромға «Қырда хандық дәрежені қалпына келтіру қажет болып қалған жағдайда тартыншақтамай, олардың санын арттыра беру керек. Ондай хандар көбейсе, қырда құдіреті болмай, бізге тәуелді боп жалтақтайды да отырады», - деп ақыл бергені айқын айғақ.


Хан болып бекітілген соң, Ресей үкіметінің тәртібі бойынша ант беріп, патша ағзамға адал қызмет ететінін жария түрде білдіруі керек. Алайда, Абылай, Орта жүздің ханы деген орыс берген атақты ант беруден, бас тартты. Бұның себебі, әрине, белгілі. Сонда да орыс тарихшысы А.И.Левшин жазып қалдырған мына деректер оның сырын айқындап аша түсетін тәрізді. «1771 жылы Абылай Ресейдің өзіне жіберген хандық шенінен бас тартты. 1778 жылы оны хан етіп, жаңадан бекіткен жарлық Орынборға келіп тағы да түсті. Оған қосымша бір ішік, бір семсер және сусар бөрік жіберілді. Абылайды арнайы келіп, осы сауғаларды алуға шақырды. Сондай-ақ оның Орынборда, Троицкіде немесе Сібір шекарасында ант беріп, Ресейге қарауын талап етті. Бұл талаптар қабыл алынбағаннан кейін Ресей әкімшілігі Абылай өз ордасында үкімет арнайы жіберген бір лауазымды адамның алдында ант берсе де болады, деді. Алайда


 


Абылай мұндай жағдайда ант беруден бас тартып, табандап тұрып алды. Осылайша Ресейдің оған қойған талап-тілектерінің бәрі де сәтсіздікке ұшырады»,



  • деп жазады танымал тарихшы.


Бұдан Абылай ханның орыс үкіметінің айтқанына көніп, айдауына жүретін жеңіл тулақ желөкпелердің бірі емес, айбынымен, айдынымен досын да, дұшпанын да ығындырып, мысы басып тұратын ұлы тұлға екенін аңғаруға әбден болады. Одан патша өкіметінің өзі де айбынып айылын әсте жиып ұста отырған сияқты. Орыс аюы мен Қытай аждаһасының арасында екеуіне де алдырмай икемді игі саясат жүргізген қазақ көкжалының қарекет-қимылы осындай. Оның күллі қазақтың ханы болғанында, не бір ғана жүздің ханы болғанында тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы – оның елінің еркіндігін аңсап, егемендігіне алғаш жол салып бергендігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу