29.01.2022
  239


Автор: Қалихан Ысқақ

Өз отыңды өшірме

Талма түстің шағында талаурап тұрған күн жарықтықтың реңінде кірбең бар еді. Алтайдың иығынан сырғанап түсіп, Бұқтырманың жарқабағынан құлап бара жатқан жетім ауылдың түтіні де дым сызбай, йен қалған сары жұрттың сары уайымын алып тауысқандай мелшиген мұржалары көкке телмірісіп үңірейіп-үңірейіп тұр. Әншейінде көшесіне кіріп кеткен бөтен малдан да шайындысын қызғанып көш жерден шабаланатын көпек иттерде де үн жоқ. Талма түстің шағында меңіреу далаға талықсып келіп жығылған босқынды көштей тұяқ серіппей ұйықтаған жетім ауыл маған ұлы таудың пұшпағына жабысқан ұлудай жиырылып, жымырайып, шөгіп бара жатқандай көрінді. Бұл — Дәулет әулетінің, оның ішінде Есбол, Ұзақтың ежелгі жұрты Шыңғыстай.


Талай келіп, талай кеткен тар көше көң-қоқырға кептеліп, ықылымнан бері тірі пенде кесіп өтпегендей, адам түгілі аяқты малдың тұяғы жетпегендей өшігіп келген машинаны да қуыста отырған жалғыз үйге төрттағандатып жеткізбей-ақ қойды...


... Жыл толмай жатып шөгіп кеткен ағаш үйдің қынадан қара жамылған тақтай шатыры кемерінен шық іркіп, жылап тұрды. Есіктегі тоттана бастаған қара құлыптың ешкімді жібермегеніне көп болса керек, ауланы алабота, баспалдаққа баратын жалғыз аяқ сүрлеуді мүк басқан. Бұл — Оралханның үйі, Бөкейдің қарашаңырағы еді.


— Шал, қайда жүрсің, бауырым кеп қалды! — деп, тепкішекті сықырлата, теңселе басып шығатын апайымыз Күлия жоқ.


— Көлденең өткен көк аттының бәрі сенің бауырың, қыдыра шыққан қай шоңмұрынның есебіне жеткендейміз! — деп ерттеулі атына жүгіретін жездеміз Бөкей де жоқ.


— Оу, мына ләухилер адасып жүр ме? — деп Оралханның өзі шыға келетіндей...


... Шегелеп тастаған дарбаза, тістеніп қалған қара құлын күдеріңді біржола үз дегендей болды. Сыз тартқан қара орманнан мұз тартқандай, көңілді мұң басты...


— Шыңғыстайға бармай кетсе аруақ разы болмайды! деп Алматыдан шығарда біздің Қаратайдың ендігі қалғам үлкені — Бошай ағам қатты тапсырып, тіксініп айтып еді.


... Айналасы ат шаптырым тоғайлы шарбақтың дін ортасында қырық жыл қырғыннан соңғы жұртта қалған көне сәулеттің жұрынтығындай өңкиген ағаш үйдің қаңқасы тұр: еден мен төбенің тақтайын қопарып әкеткен, бір де бір сау қалған терезе жоқ, жаудың мүлкіндей әдейі сындырып, әдейі қиратқан, бір бума ағаштың, бір шаршы метр әйнектің бағасы ердің құнынан да қымбаттап кеткен мынау парықсыз экономиканың заманында барының өзін таспен атқан қаймана қазақты кім көріпті?.. Бұл Оралхан оқыған мектеп еді. Бошай ағамыздың бар дегені, көр дегені де — осы мектеп. Бардық, көрдік. Мұндай көз үркітер ойранды соғыс туралы кинодан ғана көргенбіз.


... «1907 жылы Шыңғыстай ауылында қазақ балаларын орысша оқытатын мектеп ашып, оған бір Қаратай елі емес, тұтас бір дуанның балаларын тегіне қарамай жинап, Семей, одан арғысы Омбыдан мұғалімдер шақыртуы Әбдікәрім Ережепұлының Алтынсариннен кейінгі ағартушы-демократ екенін анықтағандай.


Әбдікәрім мектебін көреміз деп ат аяғы жетер жерден Керей, Найманның атағы шыққан ақындары мен игі-жақсылары сабылған. Сонау Ақсуат, Тарбағатай өңірінен салт атпен шығып, Қара Ертіс бойын жағалай, Марқакөл асып Өр Алтайға келген Байжігіт руының Әміржан ақыны:


Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой, Қаратай берекелі ел екен ғой. Алтайда алтын ұя-мектеп ашқан, Әбекең бір асқар тау бел екен ғой, — депті. (Б.Кітапбаев. «Тоғыз таңбалы найман». Шежіре. 473-бет).


Бұл мектепті Оралхан ғана емес, шежіреші ағамыздың өзі де оқыған. Академик Сәрсен Аманжолов, философия ғылымының докторы Қабдеш Дамитов, Баламер ағамыз, стектен санасақ Дидахмет пен Әлібекте осы мектепті бітірген, биіктен санасақ Сұлтанмахмұт Торайғыров дәріс берген.


« Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой». Сөз жоқ. «Қаратай берекелі ел екен ғой»?.. Мұқым Өр Алтайдың білім ордасы .11 ақпан Әбдікәрім мектебінің 96 жыл өткендегі түрі осындай. 960 жыл өтсе де мыңқ етпейтін қызыл қарағай оған кінәлі емес. Бетоннан бала қамайтын қора салдық деп көнені көзден кім көріпті?..


Жемісін күйе сауып кеткендей мәуедей сидиған мойыл мен қалжыраған кәрі қайың ортасында қайырымсыздықтан қажып отырған мектеп үйінің мынау сипаты кезінде кетімдер мен жесірлер өлкесі» атанған Қаратай елінің қилы-қилы мектепті Дәулеттер талқанын шығарып отқа жағып қойған.


... Қилы-қилы заманда Сырға дейін босып, бабасының моласын Қаратауда қалдырып, атасының зиратын Арқадағы Таятқан-Шұнаққа тастап, Маңырақтан атамекені Қатонқарағайға XVIII ғасырдың ортасында сүлдерін сүйретіп зорға жетсе де Ергенектінің Қаратайы дәл кешегі 70 жылдың қиянатындай тозақты басынан кешпеген шығар. Екі империяның шекарасында, екі бірдей зауалдың қыспағында отырса да саясат пен айла-тәсілдің амалымен бір тайпаны ел қыламын деп жарты ғасыр арпалысқан Ережеп пен оның баласы Әбдікәрім, басқа парымызды айтпағанда, Оралханның ағалары еді.


Өскемен-Зайсан уезіндегі сегіз болыс елдің Шыңғыстайы жер тарабы, адам саны жағынан да бір болысқа сыймайтын ең үлкені болса да бір ағайынды қырыққа бөлдіріп, билікке таластырып, қырық пышақ қылмаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Әбдікәрім, өзі түгіл бүкіл әулетінің дәулетін қарашасының қамына салып, мектеп ашып, елдің болашағы дейтұғын жас талапты Омбы мен Қазанда, Мәскеу мен Петербургте оқытып, иісі қазақтың намысы үшін Мемлекеттік Думаға екі дүркін депутат болған Әбдікәрім, тәуелсіз қазақтың тағдырын ойлаған «Алаш» партиясының мүшесі, Әлиханға әріптес болған Әбдікәрім қара басын да, халқын да тоталитарлық режимнің ғадауатынан қорғай алмады. Екі болысқа пара-пар Қаратайдың тең жартысы әуелі оққа ұшты, отта кетті, онан қалғаны аштан қырылды, Әбдікәрімнің өз ұрпағы түгілі бір тайпаны ел қыламын деген игі-жақсылары тайлы-тұяғымен түрмеде шіріді, ұрпағын айтамыз-ау, туған жердің топырағында зираты қалды ма екен? Менің әулие-әнбиелерімнің, бабалар мен аталарымның моласы деп Оралхан сұрай алмай кетті. Мешітті өртеп, шіркеуді мектеп қылған, бір халықтың жұрнағы — құл-құтанды колхоз дейтұғын колонияға қамап, тағы да итше тепкілеп құлдыққа салған «тең праваңды» итке берсін-ай!.. Қасақана адам қолынан қақырап, қаңқасы ғана қалған Әбдікәрім мектебінің мынау кейпі: «крушить все старое» дейтұғын жетпіс жыл бойы жаттаған, жетпіс жыл бойы жақсыны даттаған коммунистік тәрбиенің жемісі еместігіне кім кепіл?.. «Мұның қалай?» деген сауалды Оралхан өзінің замандастарына сан рет қойған. Бүгін біртүтас тірліктің ар жағында не бар еді дегенді ашып айтуға адымын да, алымын да жібермеген соң, «мынау ұрпақ қайдан келген?» дегенді бүгіннің психологиясынан іздеді. «Қайдасың қасқа құлыным?» деп, «Өз отыңды өшірме» деп, «Мен сізден қорқамын» деп те көп күйзелді. Қай құлынын іздеді? Өз отыңды өшірме деп кімге айтып еді? Кімнен қорқып еді? Әліптің астарында не бар?


Мен де бұл сауалды бетон қораның ішінде жүрген «болашағымыздың» атына жолдап отырмын.


Кейіпкерлерің тың күйгек, қартамышыңды айтпағанда жастарыңның мұңы көп, боларға да, болмасқа да күрсіне береді, әзілің аз, әдеміңнің ажары сынық деп сан айтушы еді. Сөйтсем, оның бәрі Оралханның өз уайымы екен. Оның бүгінде тірі жүрген кейіпкерлерінің жүзінен мұң таба алмадым... Әрине, бұл да қасірет.


... Ел көшіп қонатындай иен-дария ауланың сиыр саталап тастаған тайғанақ сүрлеуімен әлдекім қиғаштап келді. Аман-сүгір де жоқ, аты-жөні де жоқ, орта жастан асып кеткен ақ шашты адам екен. Кісі бетіне түзу қарамайтын әдеті және бар екен. Теріс қарап тұрып:


— Бұл өзі көзге ыстық, жүрегімізге жылы нәсте еді, көшіріп әкеткендерің қалай болар екен? — деп міңгірледі.


«Нәсте» дегенді қадап айтқан соң «нәрсе» дегені шығар деп түсіндік. Әрине, осы мектептің үйінде Сұлтанмахмұт мұражайын ашу туралы кезінде қаулы болғанын білетін адам. Ауылдастардың ниеті мен демеуінен күдер үзген аудан басшылары Әбдікәрім мектебін орталыққа көшіріп, өлкетану, әдеби-этнографиялық музей ретінде қайта көтеріп салу жайында шешім қабылдауға мәжбүр болған. Атсыз-амансыз адам мұны да естіп тұр. Сөзіне сенгім келмеді. Сенетін етіп айтып та тұрған жоқ. Сендіретін болса, «көзге ыстық, жүрекке жылы нәсте» болса қиратып жатқанда қайда жүріпті?.. Ауданда Оралхан Бөкеевтің қоры ашылғанда ауылдастарының, аталастарының бірі: «Оралхан Бөкеев деген кім еді?! Ол бізге не жақсылық жасапты?!» деп айқайлапты деседі. Естіген құлақта жазық жоқ.


«... Көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Оралхан Бөкеевті мәңгі есте қалдыру мақсатында... жазушының туған жері Шығысы Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданында О.Бөкеевтің әдеби мемориалдың музейін ұйымдастыру туралы...».


(Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 27 тамыз, 1993 жылғы N742 Қаулысынан).


Бұл да менің ауылдастың, аталастың әлдекімдерге берген жауабым.


... Талма түстің шағында талаурап тұрған күн күн жарықтықтың реңінде де кірбің бар еді. Алтайдың иығынан сырғанап түсіп, Бұқтырманың жар қабағынан құлап бара жатқан жетім ауылдың түтіні де дым сызбайды, йен қалған сары жұрттың сары уайымын ұлып тауысқандай мелшиген мұржалары көкке телмірісіп үңірейіп-үңірейіп тұр. Ұлы таудың пұшпағына жабысқан ұлудай жетім ауылдың түтіні де өшіп бара жатқандай еді...


Топқайың мен Шыңғыстайдың арасы тай шаптырым болса да Қоңқайдың арғы бетінде бел жатқандай көруші едім. Топқайың мен Шыңғыстай екі атаның оймақтай қонысы болса да Қоңқайдың арғы бетінде ел жатқандай көруші едім. Оның бәрі апайым мен жездемнің, жиенімнің барында екен-ау. Япырмай, талма түстің шағында, ел көшпей, ошағы суымай Оралханды жоғалтып алғанды қайтейін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу