Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  239


Автор: Арман Шеризат

Сұржекей

Көңілі күткен елдің елегізіп,
Сұржекей көмбе алдына келеді үзіп.
Құлаққа құрық тимей құлынынан,
Өсірген, сәйгүлік-ай, жел емізіп.
Жалт еткен жанарына тұнған үміт,
Тұяғын тасқа айналған жылдар мүжіп.
Барады туған жердің төскейінде,
Бауыры жануардың бір жазылып.
Білмейтін басылуды, бастығуды.
Бәйгесіне ғұмыр бұл бәс тігулі.
Шабанбоз ұл шалғайдан көрінгенде,
Қарияның көзіне жас тығылды.
Шақырымды жалғаған шақырымға,
Тай тулап жүрген кеше тақымында.
Уақыт-ай тізгінін тұлпарының,
Уысынан шығарған ақырында.
Жанарын жасқа тұнған қамады мұң,
Кеудесінде күмбірлеп далалық үн.
Шарпысып келе жатқан бәйге ішінен,
Қария көрді өзінің балалығын.
Сұржекей жеткізбеді, дара келді,
Қара үзіп қалың жылқы қала берді.
Жүректің соғысымен қатар соққан,
Тұяқтар дүбілетіп қара жерді.
Қарттығың дәурен тайса жетер шақтап,
Адам мәңгі жастығын өтер жоқтап.
Ауыздықпен алысқан өтсе ғұмыр,
Жүйрік уақыт бізді де кетер тастап.


ат жылқы сурет фото




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу