Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  88


Автор: Арман Шеризат

Көш

Кеудесінде даламның бабам көшіп барады,
Кеудесінде бабамның далам көшіп барады.
Тұлпар серік жанына, тақымына жел серік
Салқар көші келеді сары даланың теңселіп.
Қыздырмалап қымызы, қылын басса аңыздың
Қоңыр үні шалқиды қобыз-кеуде абыздың.
Қалқып шығып ақ таңға қара түннен жарадар,
Көштің алдың көлбейді күн көтерген қара нар.
Мәңгілікті жасырған құпиясын аспанның,
Ойып жазған бабам-ай кеудесіне тастардың!
Сегіз қиыр тарапқа сегіз қырлы сөзі үстем,
Үкілеген көш — осы, салтанаты келіскен.
Көшкен елге тегінде кеңістік тар, ендік тар,
Көшкен елдің бойында тағылық бар, кеңдік бар.
Және де асқақ рух бар жандарында өлмеген,
Сол рухты таба алмай, атам кеше шөлдеген.
Қош айтты олар жалғанға, көш өмірді шектеген
Жаны ма екен солардың боз жусан боп көктеген?!
Боз жусандар, аңқыңдар, аңқа жарып ақ таңда,
Мен де иіскейін сендерді қалғып бара жатқанда ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу