Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  127


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Сүйрегенім жүрегі жоқ дене құр

Сүйрегенім жүрегі жоқ дене құр,
Тамырымда күлкі ағады сыңғырлап.
Көре алмайтын күйге салған мені өмір,
Кірпігіме еккен жалғыз гүлді ұрлап.
Самарқанның сұлуындай түпкі аңыз,
Шайыр қылған жүрегімді тілі еркін.
Жарығынан табылмайтын түк маңыз,
Сондықтан да маған фәни кілең түн.
Жанарымды алып ұшқан құсым сен,
Құдірет ең әр таңыма жол ашқан.
Шын сүюдің тоналғышын түсінсем,
Соқыр болып жаралар ем о баста.
Қанағатым сені көрген сыйлы аз күн,
Жер бетінің нағыз мәні арайлым.
Осы күнде қызына да Шираздың,
Түк қызықпай қарашықсыз қараймын.
Жанарымда жалғыз сабақ қуарып,
Паналайды Баян қыздың қабырын.
Таңды іздеймін жасымменен суарып,
Кірпігімнен үзген гүлдің тамырын!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу