Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  608


АДЕЛЬ МҰХАМЕДЖАНОВА

Туған тілім – тұмарым

(аңыз өлең)
Тоқтамайды өмірдің жаңбыр әні,
Жаңа толқын жаңғырып жарға ұрады.
Бастайын деп тұрғаным ерек аңыз,
Сан ғасырдың иығын талдырады.
Қалаймын тарихымның тозбағанын,
Мен де соның жолымен қозғаламын.
Жұмыр жерден зымырап заманалар,
Санасында жаңғырды бозбаланың.
Аңызды алып шықсам түнектегі,
Белгілі көкіректі гүл еткені.
Бағзыда бопты жас пен дана қартым,
Бар жайды қоздатайын жүректегі.
Күн артынан күн өтіп, дүрлігеді,
Қарт абыз өткен шақтың білгірі еді.
Адами құндылықты саудалаған,
Күнделікті өткерер тірлігі еді.
Не тілеп, не қалайды көңіл лепті?
Боз бала жан қалауын көп іздепті.
«Пәк жүрек, өр рух пен ана тіл бар,
Ал, балам, не тілейсің, таңда» депті.
- Бойыма алақұйын дүрсіл кіріп,
Жас сырымды, қартым-ау, тұрсың біліп.
Пәк жүрек опасызға сенім артып,
Кетер ылғи қапыда күрсіндіріп.
Кейде мұңмен іштей жүдеп бұйықсам,
Зілді ойлар жаныштайды иықтан.
Ана тілсіз өр рухым да керек емес,
Алып шығар мені осынау тұйықтан.
Абыз қартым қуанғандай мұнартып,
Боз баланың жауабына құмартып:
- Түгелдей құндылықты тарту еттім,
Тағып жүрсең туған тілді тұмар ғып.
Шабыттанып құнарлы ой нәрінен,
Өр ұлан да жайнап кетті сәнімен.
Ей, адамдар, ұлт бағасын өсірер,
Ана тілің маңызды ғой бәрінен.
Бұл фәниге қазақ болып жаралдым,
Дана тілім, тұғырыңа қона алдың.
Таза үнмен тамылжыған таңдайда,
Аңызымның жұрнағы боп оралдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу