Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  205


Автор: АЛТЫНБЕК МЕРСАДЫҚОВ

БЕТХОВЕН. АЙ СОНАТАСЫ

Қайтадан, тағы қайтадан,
"Ай сонатасын" қой, панам!

( Т. Ешенұлы)


 


Әуенін естіп, иілсем меңіреу Айдың,
Болмыстың арғы шетінен көрінер қайғым.
Түн болып сөзден бүрлесе естеліктерім,
Мұң болып көзден ып-ыстық төгілер айдын.


 


Кірпік ұшына ілініп бозамық сәулем,
Топырақ – жаным, ұялса сазарып жерден.
Шомылып Айдың мөп-мөлдір шұғыласына,
Мертіккен ойдан айығар, тазарып кеудем...


 


Көл толқып, тербеп... Түйсігім ымдаса маған,
Жамалын Айдың жанарға ұрласа санам.
Қажыған бір сәт көңілдер нұрланар ма еді?
Бетховен үнін жүрекпен тыңдаса Ғалам.


 


Көктегі тәнім зерлі аспан төсінде жатса,
Балқиды жаным жұлдыздар көшіне батса.
Елесін кезем осылай ессіз сұлбаның,
Жабырқау көше жарығын өшірген шақта.


 


Назды саз елтіп, құлаққа төгілген тұста,
Қолымды созам қанатсыз көрінген құсқа.
Кеудеде жатқан тереңнен өрілген бұл үн –
Өлімнен биік болғанмен, өмірден қысқа!


 


Тұманды ойлар тұмшалап, торықтырғанда,
Жалғыздығымды жолдағы жолықтырғанда,
Тыңдағым келе береді "Ай сонатасын",
Төбемнен сары уыз Ай төніп тұрғанда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу