Өлеңдер ✍️

  01.01.2022
  171


Автор: Лев Гумилев

Тұйық көше

Тербетеді қасқыржемді қызыл Ай,
Граниттің жүзін сүйді толқындар.
Тұйық көше, аяқталған жырымдай,
Билік үшін кенеттен ол салқындар.
Әуестенбей шамшыраққа, шапаққа,
Көбік шашқан толқындарға ынтықпай.
Ант етемін тосын келген атаққа,
Жолда тұрам жарық берген шындықтай.
Асылдардың жолы мынау тар көше,
Бәлесі бар өзіне һәм өзгеге.
Сүлдерімді көтеріп тұр сол көше,
Жаяу жетем мақсатыма көздеген.
Сайраған құс, ысылдаған сұр жылан,
Ашыққан хайуандардың шатпағы.
Тар көшеде ұялмаған жүр ылаң,
Бекер мені қорқытады соқпағы.
Бекзадалар күтіп алар солыңнан,
Оң жағыңда төрелікті құшқандар.
Қапияда жерге түскен жалыннан,
Асфальт үстін сипалап жүр ұшқындар.
Жалын шашқан мың сұрақтар түсті де,
Жауап қатты пулеметтың кесегі.
Оқ жаудырсаң қара жердің үстіне,
Соның бәрі көшет болып өседі.
Тірілердің маңдайында мұң күрең,
Мүрделерден жүрек таппай қарадым.
Асфальттардың ұшқындарын сөндірем,
Еккенімнің өнімдерін орамын.
Һәм кетемін, достарыммен қоштасам,
Үміттерім қол бұлғайды сағымнан.
Түршігеді табанымда тас масаң,
Тұйық көше, Ай нұрына шомылған.

Орыс тілінен аударған: Нұрбек Нұржанұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу