Өлеңдер ✍️

  21.12.2021
  1186


Автор: Бауыржан Момышұлы

Омарбекке

Біздің елге сен келген мейман едің,
Өр көкірек, икемсіз милау едің.
Мына өлең әзіл болсын саған айтқан,
Пайдалы қызмет жұртқа қылмап едің.


Бұл елде жаман да бар, жақсы да бар,
Қыл қобызды қолға алған бақсы да бар.
Билеу парқын білмейтін ант ұрған ең,
Ел басқармай – қой бақсаң пайда шығар.


Қалды ма айыр тұяқ елде малдан,
Жалғыз сиыр қалмады «ет планнан».
Ел етсіз, бала сүтсіз қалып кетті,
Барып ең уәкіл болып сен ауданнан.


Бас алдың, шеш ал десе уәкіл болып,
Айдаттың малдың бәрін қырып, жойып,
Деп келсе жалғыз сиыр болсын сауын,
Ақырдың ала көзбен зекіп қойдың.


Қой сойдық, қозы сойдық қонақ болсаң,
Қазақта қонақ күту ежелден заң.
Қолдағыны сыпырып алып кеттің,
Енді келсең, таппассың бір үзім нан.


Сенен үлкен адам жоқ бұл ауданда,
Ашық айтсам, үкімің батты жанға.
Тиындық әділеттіктен болса арың,
Жағдайды бұқпай айтшы Саттарханға.


1932 жыл.


Жас едің бет қаратпас қаһарманды,
Қаратқан аузыңа барлық жанды.
Ел ішінде жақсымын деген салдар
Сеніменен жөн көрді дос болғанды.


Махаббат мейірімді бақытты күн,
Өткіздің кірпік қақпай бірнеше күн.
Айқасып аяқ-қолың сүйгеніңмен,
Жатушы ең тұншыққандай шығармай үн.


Уа, шіркін, қайтса енді сондағы күн,
Бақытсыз деп айтпас ең өзіңді сен.
Жоқ қайтпақ, бақыт қонбас сендей сорға,
Артынан желе алмассың қуғаныңмен.


Қапасың ішің толып мүлде шерге,
Қайғысыз өткен күнді ескергенде,
Ер жүректі достың жоқ көңіл ашар,
Адамзат мол болса да осы жерде.


«Сабыр ету дұрыс қой ер адамға,
Әлі де көп емес пе өмір алда.
Қадіріңді білмеске кінә тағып,
Битке өкпелеп тоныңды отқа салма».


24.6.32 жыл.


Жастықпен ол кезде мен аңғармаппын
Мағынасы мөлдірген қос ноқаттың.
Сүйіппін, жалыныңа күйе білмей,
Өкінем, қапы қаппын, қапы қаппын.


Түсіпессің уысыма енді менің,
Бота көз, қиылған қас, қызыл ерін.
Жарқылдап ашық күннің сәулесіндей,
Отырсың қазір қайда, бұрын белім?!


23.2.38 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу