Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  164


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АЛМАТЫҒА ҚЫС ОРАЛДЫ

Алматыға қыс оралды тағы да,
Күтпесек те құшақ жайып, сағына.
Кәрлі аязы біреулердің сорына,
Әппақ қары біреулердің бағына.
Алматыға қыс оралды тағы да.
Алматыға қыс оралды қарлатып,
Қара жерге қардан қамал орнатып.
Ақ бораны құтырына шабынған
Біреулерді кетер ме екен сорлатып.
Алматыға қаһарлы қыс оралып,
Қайың қалды жапырағынан тоналып.
Қымтанып ап біреулерді күткендей,
Кеңсай жатыр ақ кебінге оранып.
Төмпешікке толтырып бұл қыратты,
Былтырғы қыс біраз жұртты жылатты.
Аналарды асқарынан айрылған,
Көк желекті көктем келіп жұбатты.
Қарлы боран ұйтқып соғып қағына,
Алматыға қыс оралды тағы да.
Кәрлі аязы біреулердің сорына,
Әппақ қары біреулердің бағына...
Алматыға қыс оралды тағы да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу