Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  135


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ТҮНГІ АЛМАТЫ

Нәзіктеу жүрек налаға бөкті,
Әуеден көріп гүл құлағанын.
Самаладай боп санаға жетті,
Мұңлы келбеті түнгі қаланың.
Алып дененің тамырларындай
Жолдарда жүйткіп оттар ағады.
Жын-ойнақ әлем сарындарындай
Шырқалып жатыр ақшалар әні.
Қырын берсе де сырын бермейді
Тылсым тірліктің қалың қатпары.
Қалталыларға күлімдейді енді
Түнгі қаланың кәнизактары.
Тұнып тұр шаһар ашуға, шуға,
Қиянат етпей араққа қылдай.
Есенин жазған ғасыр басында
Мәскеудің масаң кабактарындай.
Бусанған үйдің балкондарынан
Байшыкештердің барағы үреді.
Тар көшелерде талтаңдап ұлан,
Сақылдап түнгі қала күледі.
Тап болар тағдыр талабына қай,
Көше кезеді кіл мұңлы қыздар.
Қорқау құрдымға қара жырадай
Жұтылып жатыр жұлдыз-ғұмырлар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу