Өлеңдер ✍️

  11.11.2021
  107


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Арқалды

Арқалды – ар жағы құм, бер жағы қыр,
Жолаушы құм жағында болған ығыр.
Жотаға шыққан бетте айқай салып:
«Арқаның басы ғой деп алдағы бұл».
Жотаға шыға сала бұлақ тапса,
Алакөл ар жағында сылаң қақса,
Зарығып туған жерге тисе табан,
Адамға рақат бар ма бұдан басқа?!
Дәл сондай рақат кешіп көрмегесін,
Сағыну қиын туған жердің төсін.
Махаббат – арып-ашып сүйе білу,
Топырақ, жер киесін, ел мүддесін.
...Жас Шоқан Қашқар жақтан қажып өтіп,
Жотаға жеткен осы тәжім етіп,
Таяғын қадай салған шығар, бәлкім,
– Арқаның алды ғой, – деп қазық етіп.
Көк мұнар көлді көріп одан әрі,
Көкшенің түсті ме еске жағалауы?
Тұрды ма ес жия алмай сағыныштан,
Көзінен жас боп тамып жан алауы.
Сол ма екен «Арқа алда» деп айқай салған,
Басқа ма, кім айтқа
нын қайдам...қайдам?..
Сағынған Сарыарқаны біреу шығар,
Жер атын дәстүр жоқ қой ойдан қойған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу