Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  116


Автор: Серік Сағынтай

Күміс өзен

Міне, жылжып кетті көлік,
Шаң жармасып баурына.
Жанарға жас кеп тіреліп,
Қош бол дедім аулыма.
Қош бол дедім құба талға,
Қимайсың-ау, көкешім.
Бір жан таппай жұбатарға,
Күнде сыңси ма екенсің?
Күміс толқын, қош бол сен де,
Лайламаймын арнаңды.
Мені қанша дос көрсең де,
Түземессің жалғанды.
Түземессің.
Кірге көміп,
жүрегімді шер емген.
Саған енді түнде келіп,
Сыр айтпаймын өлеңмен.
Күміс өзен, күміс өзен,
Айдан аппақ дидарың.
Мен жаза алмай дұрыс өлең,
Жүрегімді қинадым.
Қолым создым басқа арманға,
Алдымда жол кең-жарқын.
Күміс қырау басты алғанда,
Оралармын мен бәлкім.
Сен де күміс, мен де күміс,
Бойымызға дарып құт.
Тарқап кетіп шерлеріміз,
Қоштасармыз талықсып.
Күміс өзен, күміс өзен,
Күміс өзен, жарықтық...
Абақты. Декабрист
Құбыла бетті қан жапты —
Күн екен сөнген өртеніп.
Көктегі анау шаңдақты
қызыл нұр барад көмкеріп.
Қалжырап келіп құладым
Жалп етіп өшкен жалындай.
Жарқ еткен мен бір — нұр-ағын
Полярдың шұғыла таңындай.
Ыңырсып ымырт теңселіп,
Төрт құлақты жер түн сүйді.
Жамылып күлді, мен шөгіп,
Кеудемде бір күй сыңсиды.
Шығыстан шырай келместей,
Алып түн мынау, табыт түн.
Тұтасып көкте сең көшпей,
Жанары жабық жарықтың.
Құбыла бетті жапты қан,
Өртеніп өшті Күн ғаріп.
Абдырап несін аптығам,
Боз таңды күтем сұрланып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу