Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  125


Автор: Нұржан Қуантайұлы

Желді күнгі әуезе

үууілдеп
үу-уі үу-уі үууілдеп
үуілдейсің нені жоқтап, қайран жел
сарыуайым сарын салып сақарада түр үрлеп
сандал таудан, сайран бел

еңселім,
уайым емес, жел сенім
әкелмей ме, қайталанған жәйт неше
бұ жалғанда екі туып бір қалғаның мен сенің
неге келдім әйтпесе!..

сол жаққа
алып кетші сол жаққа!..
жел-ағатай, мені жалғыз тастама
мен сенбеймін алдамшы күн, арзан өмір, оңғаққа
сеніп қалсам – масқара...

асқарым,
асыққан жел – асқақ үн
әлденеге шөлдеп келеді қу өмір
жер бетіне жерік күндер - қас-қағым сәт, қас-қағым
сол сәттерді сүйе біл

әуез деп
әуезе, әуез, әуездеп
самал желге жанымды ашып тастадым
үуілінен ырғағы мен уәзінін және іздеп
тауып алдым асқағын

өмірлім,
нені ұға алдың, не білдің
апырай, ә, сенейін бе шынында:
сабасынан ақтарылған асқақ мына өмірді
сүргендеймін бұрын да

жай табар
көңілімде байтақ ән
жолаушы боп келдік, сәулем, екеуміз
екеумізге жолығу жоқ жер бетінде қайтадан,
қайта нұр боп кетерміз

жек көрме
салауат айт өткенге:
кешіппіз-ау бақыт суын ең тұнық
сені жоқтап екі көзім өксіп-өксіп кеткенде
жел де жетер ентігіп.

... ал содан соң...
...құржаңдап
нұржан, нұржан, нұржандап
жел-бауырым омырауымнан аймалар
тұңғиығында көк аспанның өзім сүйген бір жан бар
деп көңілім жай табар

таңғалсын:
мына адамзат аңғарсын
тек өзіңнің бар екенің, еңселім
...өмірден тыс, уақыттан тыс сен барсың ғой, сен барсың –
көңілімді жұбатпай ма сол сенім?!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу