Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  109


Автор: Исраил Сапарбай

Қас-қабағың, шырайың

Қас-қабағың, шырайың –
Менiң ауа райым.
Ашық күнiн аспанның
Бiр Алладан сұрайын.
Аятындай Құранның
Əр сөзiңдi құп алдым.
Неге саған iңкəрмiн?
Неге саған құмармын?
Лебiзiңе – үр самал
Балдай балқып жұмсарам.
Менiң көңiл күйiм де
Байланысты бiр саған.
Жалғыз жүрек, бiр жанның
Жайын таппай жындандым:
Неге сонша бəйекпiн?
Неге сонша құрбанмын?
Қайырмасын мұңды əннiң
Қайыл қалып тыңдар кiм:
Неге кештеу бүрленiп,
Неге кештеу гүл жардым?
Тұнжырайды түн саған,
Елжiрейдi Күн саған.
Аясында көзiмнiң
Айналайын, жүршi аман!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу