Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  86


Автор: Дәркен Танабаев

Қандай күйде...

Қандай күйде болар сонда жер ана?
Қан тапсырған донордай ма жай ғана.
Ала берсек әлсіретіп аламыз,
Донорларда тапсырмай ма аз ғана.
Қандай күйге көштің сорлы құм дала,
Жібімейсің адамдарға сыздана.
Жер қазатын қондырғыны соғады,
Долданады ашуланып жел ғана.
Аш бөрідей уілдейді, сыңсиды,
Зарлаңдар деп сексеуілді жұлқиды.
Еркін өскен кең даланың еркесі,
Өз мекенін астан-кестең тінтиді.
Тінтиді де намыстанып бұртиды,
Ызаланған елестетер шын күйді.
Ысқырып кеп сабалайды есікті,
Аударам деп вагон үйді мың түйді.
Ауыр екен сонда да тұр сабалап,
Қобыз үні қояр емес табалап.
Сірә жалғыз жоқтайтын да сол ма екен,
Тыным таппас айналма жел мазалап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу