Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  119


Автор: Исраил Сапарбай

Маңдайлы қыз

Маңдайлы қыз,
Ұсынған балдай қымыз,
Бал қымызбен жiбiттiк таңдайды бiз.
Сiздiң жақта жауқазын бал-бұл жанып,
Бiздiң жақта салпы етек сарғайды күз.
Сiздiң жақтың қауымы сауыққұмар,
Саумал самал санаңды сауықтырар.
Сəл жел тұрса, үзiлiп сағағынан
Бiздiң жақта жапырақ жауып тұрар.
Сiздiң жаққа ұзамай жаз келедi,
Сəндi бақты сəруəр саз көмедi.
Алда-жалда болмаса, Жаратушы
Бiздiң жаққа көңiлiн аз бөледi.
Сiздiң жақтың əнi мен сəнi бақта,
Тарқамайды тамаша таң ұзаққа.
Бiздiң жақтың егiнi ерте орылып,
Адырлары айналды аңызаққа.
Жетi муза жетелеп жетi мұңды
Бiр сапарға бел буып, бекiнулi.
Сiздiң жақтың қауыны жаңа пiсiп,
Бiздiң жақтың кездiгi кетiлулi...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу