Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  287


Автор: Дәркен Танабаев

ОТЫЗ БЕСТЕМІН

Бұл өмірдің шірей тартып ескегін,
Өткен ғұмыр,
Ізіндей-ақ кестенің.
Мұқағали тебірене жырлаған,
Келдім бүгін,
Мен де отыз бестемін.
Неге келдім,
Не бітірдім,
Не көрдім?
Бұл жалғанның несін алдым,
Не бердім?
Белесінде безілдеймін тірліктің,
Сығалаймын есігінен өнердің.
Өз дегенін істетеді шебер күн,
Ала ғой деп сыбағаңды берер кім.
Қу тірліктің күрестіріп қойғаны-ай,
Не сыйлар деп,
Алаңдаймын келер күн.
Шаршатады жаяулатсаң түз деген,
Есейемін күрең тартқан күзде мен.
Бір қуаныш тосып мені тұрғандай,
Пендемін ғой мен де бақыт іздеген,
Бір келер деп,
Үмітімді үзбегем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу