Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  221


Автор: Иран-Ғайып

Тауқыметің зор болды

Тауқыметің зор болды,
Не көрмедің, Торғайым?!
Көк аттыға қор болды,
Көгергенің – әрдайым!
Жемітіндей Жебірдің –
Жезің, Күміс, Алтының.
Көркін ашар Өмірдің –
Жаз Күніндей Жарқыным.
Сыр Бойының сәлемін
Ала келдім Жеріңе.
Кеңейіп тар Әлемім –
Басымды идім Еліңе.
Темір-тәртіп – тізгіннің
Тепкісінен қорғайын?!
Тырнағынан құзғынның
Абай болғын, Торғайым?!
Бар ма Ақынның айыбы –
Ет-жүрегі езілген?!
Барлық пәле дәйімі –
Басталады Өзіңнен...
...Батырыңды жайратып,
Жата көрме, Торғайым?!
Ақыныңды айдатып,
Ата берме, Торғайым?!
Жер-Суыңды сауықтап,
Қалың кірме қаптаса,
Бір амалын тауып бақ –
Халық па амал таппаса?!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу