Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  121


Автор: Исраил Сапарбай

Болмай жүр ғой

Болмай жүр ғой, болмай жүр жеңiл маған...
Қандай айла табармын көңiлге алаң?
Қайда жүрсем,
Қағынып қайда барсам –
Қарсы алдымнан шығады сенiң налаң.
Қыр соңымнан қалмады қырсық ұдай.
Мына түннiң тымырсық, тылсымын-ай.
Ұйқы iздейтiн сияқты
Ұйпа-тұйпа
Қара бұлтқа тығып ап тұмсығын Ай.
Өтер ме екем əуремен, əбiгермен?
Əлде азабым аз ба едi əлi көрген?
Күнiм қашан шығады күлiм қағып,
Таңым қашан атады сары белден?
Болмысыма нем қалды бойсынбаған? –
Оңашадан қорқамын ой шырмаған,
Түз даланың гүлiндей жел қақтаған
Қыз баланың көз жасы қойсын ба аман...
Қыз бала едiң...
Қайтейiн, жылап қап ең...
Тас атқандай болдым ба бұлаққа мен?
Көзiңдi ашып-жұмғанша, көңiлiңдi,
Құз басынан құрдымға құлатқан ем...
Тек есiмде...
Есiмде көз жанарың.
Қалмағаны өксуден өзге амалың.
Ал сонан соң...
Айырған ес-түсiмнен
жылжыған жыл,
өткен күн,
озған ағын...
Түскен сайын аузыма зиялы атың,
Өзегiне у мен зəр құяды ақын.
...Өкiндiредi екен ғой өле-өлгенше
Бiр-ақ рет жасаған қиянатың!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу