Өлеңдер ✍️

  28.09.2021
  152


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Дарын

Дарын екен ерекше жаратылған,
Сүйген ұлы Алланың, дара тұлға.
Жәй адамды жаратса топырақтан
Дарынды Алла жаратқан жан отынан.
Сондықтан ол маздайды, алаулайды,
Ажарынан ақ сәуле таң аумайды.
Тазалықтың, әділет, адалдықтың
Туы болып аймаққа ар аунайды.
Оймен біліп бұл тылсым дүние сырын,
Ізгілікке жақ болып, келмей қырын.
Шапағатымен шарпып шар тарапты,
Аймағына даналық шашар нұрын.
Ол — ұлы Абай, ұлы ақын, ұлы дарын
Жетелеген ғарышқа адам арын.
Сүйсіндірген қазағын сүйікті ұлы
Рухымен игерді жердің шарын.
Бұл ғажайып ғаламат дарын күші,
Өлмейтұғын рухтың өшпес ісі.
Әлем өлең патшасы деп таныған
Әзірге жоқ Абайдан дара кісі.
Тыңдаған жан сөзіне ұйып өтті,
Даналығы әлемге сүйікті етті.
Көз жұмса да бүгінмен бірге жасап,
Рухымен елімді биіктетті.
Елі барда мәңгілік Абай тірі,
Тәңірдейін талаптың сүйер пірі,
Тарай берер әлемге әлі талай,
Күн шапағы тәрізді алау нұры.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу