Аңыздар ✍️

  28.08.2021
  145


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Өтегеннің өкінуі

Өтеген батырдың жалғыз қызы Мақпал тұрмысқа шығар алдында құда түскен жігіті қайтыс болып, қайнысы өсіп-жетілгенше бірер жыл үйде отырып қалыпты. Сонан қайын жұрты келінді алып кетуге келгенде, ұзатылып бара жатқан қызын Өтеген батыр шақырып алып:


— Балам, Құдай қалап, құтты орныңа қонбақсың, жасауыңнан бөлек осы үйден не қалайсың, көңіліңе жаққаныңды ала ғой! — депті.


Сонымен Мақпал ұзатылып кеткен соң, бірнеше күннен кейін Өтеген бәйбішесінен қызының не таңдағанын сұрапты. Бәйбішісі:


— Мақпалжан алтын-күміс, асыл тастарды, қымбат та бағалы заттарды емес, сенің ескі тақияңды ұнатты ғой, — дейді.


Сөйтсе, Өтеген батырдың талай жорықтарға киген ескі тақиясы төрде ілулі тұрады екен. Мақпалдың көзі соған түсіп, ырым етіп алған екен.


Мұны естіген Өтеген батыр:


— Басымдағы бағым қызға ауды. Қыздарым алғыр, өжет, ұлдарым жуас болады-ау, — деп өкініпті.


Осы сөздің жаны бар сияқты. «Өтегеннің қыздары өжет, еті тірі, ұлдары момын болып келеді» деп отырады ауыл қариялары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу