Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  108


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Көкіл (I нұсқа)

«Көкіл» күйіне қатысты ел ішінде аңыз-әңгіме көп. Соның бірі Қазанғап пен Үсен төренің алғаш кездесуіне байланысты айтылады. Бірде Қазанғап ел аралап жүріп Қарақамыста отырған Үсен төренің үйіне түседі. Үсен төре үйінде жоқ екен. Қазанғап сусын ішіп, шөлін басқан соң, төрде сүйеулі тұрған төренің домбырасына қол созады. Үсен төренің дәулескер домбырашылығын сырттай еститін. Төренің даңқына домбырасы сай екен, Қазанғап қызығып кетіп бірер күй тартады.


Осы кезде үйіне Үсен төренің өзі де келіп қалады. Төрінде домбырасын тартып отырған бейтаныс біреу. Төре бел шешіп жайғасқан соң, жақтырмаған шырай танытады.


— Құдайы қонақ екеніңе сөз жоқ, бөлінбеген еншің әзір. Бірақ құдайы қонақтың еншісіне үй иесінің домбырасы да бұйырады дегенді естімеп едім. Домбырама ұлықсатсыз қол тигізген ендігі айып өзіңнен. Төрелігін тартқан күйің танытар, көрсет өнеріңді, — дейді Үсен төре.


Қолына домбыра жағып отырған Қазанғап «Көкіл» күйін сұңқылдатып қоя береді. Күй бітер-бітпестен Үсен төре еңсесін тіктеп, ошарыла бұрылып:


— Апырай, бұл төңіректе домбыраны бұлай сөйлететін ешкім жоқ сияқты еді. Күйің жан-жүрегімді баурап, буыныма түсіп кетті ғой. Осы Ұлықұмда жалғыз атты Қазанғап деген күйші бар деуші еді, жарқыным, сол сен емессің бе?! — дейді.


Сонда Қазанғап:


— Болсақ, болармыз! — деп жымиған екен.


Алғаш осылай танысқан Қазанғап пен Үсен төренің арасында үлкен кісілікті қарым-қатынас орнаған. Қазанғап Үсен төреден домбыра тартудың небір шеберлік шалымдарын үйренген. Кейін екеуі додалы күй сайысына түскен соң да бір-біріне деген сый-құрметінен айнымаған.


Міне, «Көкіл» күйінің адам танытар құдіреті осындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу