Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  187


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Кербез қыз (ІІІ нұсқа)

Бір байдың үш ұлының ортасында бұлғақтап өскен жалғыз қызы болыпты. Қыздың бір аяғының туа біткен сылтымасы болса керек. Бірақ әке дәулетіне шалқып, үш ағасына арқа сүйеп өскен қыз көкірегін көтеріңкі ұстайды екен дейді. Тіптен, аяғының сылтымасын білдірткісі келмей, кербезсінген қылығына қарап, төңірегі «кербез қыз» деп атап кеткен екен.


Кербез қыздың басы жас, бойы жеңіл кезінде қыз «теңім емес» деп талай жігіттің меселін қайтарады. Осыменен жүргенде қыз біраз уақыттың өткенін байқамай да қалады. Қыз ғұмыры қызғалдақтай келте ғой, қатарының көбі бас құрап, шаңырақ құрып кеткенде, байдың қызы енді оң жақта отырып қалған кәрі қыз атана бастайды.


Арада тағы да біраз жыл өтеді. Күндердің бір күнінде бұл ауылға бір жігіт келеді. Ауыл-аймақты сөз етіп отырып, байдың кербез қызының әлі ұзатылмағанын естиді. Сөйтсе, бұл жігіттің де бір кездері кербез қызға көңілі кетіп, сөз айтқан екен ғой. Ол кезде көкірегін көтеріп жүретін байдың қызы бұ жігітті «теңім емес» деп, маңына жолатпай жіберіпті.


Сол кезде қыздың әлі оң жақта отырғанын естіген жігіт ойға қалады: «Апыр-ай, бір кездері жастық сезімімді өзіне аударып, түн ұйқымды қашырған ғашығым еді. Бірақ менің дәулетімді қорашсынып, меселімді қайтарып еді. Шын бақыттың кілті байлықта емес екенін енді білді ме екен?» — деп толғанады. Толғаныс үстінде отырып, сол сезімін күйге түсіреді. Күйдің бас-аяғын тиянақтап қолын жаттықтырған соң, ауылдың бір өнерпаз жігітіне қолқа салады: «Осы күйімді кербез қызға айнытпай жеткізгейсің. Күйді түсініп, мән-жайыңды сұрай жатса, жасырмай айтарсың», — дейді.


Уәдеге берік өнерпаз жігіт кешікпей-ақ кербез қыздың алдына барып, сәлем күйді тартады. Күй құлыншақтай құлдыраңдап мұңсыз-қамсыз әуенмен басталады да, келесі бір орамында қос ішектің асты-үсті қатар үн қатып, қайнаған өмірдің бір қуаныш, бір қайғы сарынына ойысқандай болады. Мұнан әрі күйшінің қолы сағақтан қайтып, бел буынға жеткенде әлде бір өкінішті өксік алқымнан алып, сығымдап тұрып алғандай әсер береді...


Осы кезде кербез қыз «болды, тоқтат» дегендей белгі беріп, күйді үзіп тастайды. Сәлем күйді кімнің жолдағанын сұрап біледі. Сонан соң, өңі бұзылып, қамыға жүдеп көз жасын мөлдіретіп сығып-сығып алады. Әлден уақытта бойын жинап, еңсесін түзеп: «Қайтейін, тағдырдың жазуы сол да, мен кербезсіп жүріп, қадірімді білетін нағыз азаматты байқамай қалыппын, бағалай алмаппын», — деп өкінішін білдірген екен.


Кейін осы күй ел ішіне «Кербез қыз» деген атпен тарап кетсе керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу