👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  24.08.2021
  48


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жәнібек би

Абылай жоңғар шапқыншыларымен соғысып жүргенде, он сегіз жасар Жәнібек қолды артынан қуа келеді. Келсе, қазақтар бытырап, аты барлыққан Абылайға шапқыншылар жақындап қалған екен. Жәнібек атынан түсіп, астындағы көк дөненін ханға көлденең тартады.


—Қарағым-ай, өзің қайтесің?—дейді Абылай.


—Сіз қолға түссеңіз, ел басшысыз қалар, мен қолға түссем, қазақтың бір әйелі ұл табар,—дейді жігіт.

Абылай тың атқа мініп, қуғыншылардан құтылып кетеді. Бір қалмақ батырының атын аударып мініп, қоршаудан Жәнібек те аман шығады.


—Бала, ат бергеніңнен сөз бергенің асты ғой, осы жолғы олжаның басы сенікі. Кәне, менен бір қалағаныңды алшы,— дейді хан Жәнібекті ұрыстан кейін тауып алып.


Абылай екі айтқанда үндемей, үшінші айтқанда Жәнібек:


—Тақсыр, бір басыма жетерлік дәулетім бар, оң тізеңізден орын берсеңіз болады,—дейді.


—Батырға орын бер, мана не сұраса да бір тілегін берермін деген уәдем бар еді,—дейді Абылай оң жағында отырған биіне. Би бір айтқанға орнынан қозғала қоймай, екі айтқанда Жәнібекке ала көзімен қарап:


—Әкең алдына қойған асты жөндеп іше алмайтын атаның аяғы еді. Саған хан қасында не бар, атқосшы болсаң да жетпей ме?—дейді.


—Жақсының жанына арашашы болдың ба, жаманның малына қорғаншы болдың ба? Екі ауыз ескі сөз білдім деп, хан қасында отыруға сенің нең лайық? Хан екі айтса, қадір кетеді, қара екі айтса, ары кетеді. Бір құшақ қу ағаштан бір оқтық қайың шығады. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар, былай тұр,—деп, биді қолынан ұстап тұрғызып жіберіп, ханның оң жағынан орын алады. Жігіт содан бастап белгілі батыр, билер- мен басқыншыларға қарсы қол бастап, жорықтарға қатысады, «Ер Жәнібек» атанады.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы