👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  23.08.2021
  41


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Бабаның батасы

Әлмерек абыздың ортаншы баласы Жәнібек батыр бір күні жолаушылап кетеді де, бірнеше күннен кейін үйіне түнделетіп оралады. Аттан түсіп, атын есіктің алдындағы мама ағашқа байлайды да, үйге қарай беттейді. Үйдің іші жап-жарық, лапылдап от жанып тұрады. Жәнібек батыр дыбысын шығармастан таяп келіп, жабықты ашады да, керегенің көзінен сығалайды. Әйелі Қайқы шомылып жатыр екен. Оның уыздай балбыраған, мамықтай балғын, жібектей үлбіреген тәніне көзі түскен батыр құштарланып телміре қарап қалады. Кенет бойын сескеніс сезімі билейді. Қайқының қос өкпесі тесік екен. Соны көзі шалған Жәнібектің таңданып, тандай қаққан дыбысы қаттырақ шығып кетеді. Сол дыбыстан секем алған Қайқы орнынан атып тұрады да, апыл-құпыл киінеді. Үйге кіріп келген Жәнібекке бұртия қарап:


— Өкінішті іс болды, — дейді мұңданып: — Өкпемнің тесігі бітетін шарты толып қалып еді, соған дейін оны адам баласы көрмеуге тиіс болатын. Соны сездірмей жүр едім, міне, сен көріп қойдың, серт бұзылды. Басқа амал жоқ. Енді маған мұнда тұруға болмайды, басыма қатер төнеді. Ержеткен соң балам Бәйсейіт мені іздесе, Қазығұрт тауынан табады, соны ұмытпа!


Сол заматта Қайқы әппақ құсқа айналады да, көкке ұшып кетеді. Жәнібек батыр қапаланып, қатты қайғырады. Алайда, өткен іс орнына келуші ме еді. Жылдар өтеді. Жәнібек батыр баласы Бәйсейіттің ес жиып, есеюін сарыла күтеді.


Күткен күн де жетеді. Жәнібек батырдың Қайқыдан туған баласы Бәйсейіт ат баптап мініп, жігіт санатына қосылады. Содан кейін шешесін іздеуге бел байлайды да, атасы Әлмерек абызға барып, бата сұрайды.


— Ата, шешемді іздеп тауып келсем бе деп едім.


— Сен келгенше мен тілеуіңді тілеймін!


Бәйсейіт ұзақ сапарға аттанады. Әкесінің жөн сілтеуі бойынша ұлы асқарлардың жалпақ құмға қарай ойысатын тұмсығындағы Қазығұрт тауына жетеді. Сол таудың жықпыл-жықпыл жыраларындағы ұңғыл-шұңғыл сай-саладағы ел ішін шарлайды. Сөйтіп жүріп, жалпақ жондардың бір қойнауында отырған аса салтанатты ауылдан шешесін табады. Ана мен бала сағыныштарын ақтарып, жылап көріседі. Нағашы жұрты жиенінің құрметіне той жасайды. Бұл кезде Қайқының өкпесіндегі тесігі толық бітіп, біржола адамдық сана кейпіне көшкен тұсы екен. Біраз күн өткен соң, Бәйсейіт нағашы жұртымен қоштасып, шешесін ілестіреді де, аман-есен өзінің еліне оралады.


Келіні мен немересі келгенде Әлмерек абыз өлгені тіріліп, өшкені жанғандай шексіз қуанышқа бөленеді. Ағынан жарылып, қалың елге жар салады. Келінінің қайта оралғанын, немересінің батпандай жігіт болғанын мақтаныш етіп, ұлан-асыр той жасайды. Жиналған қара-құрым қауымның алдында абыз немересіне аталық ықыласпен ақ батасын береді:


— Жалғыз едің, Бәйсейіт,
Жаратқаның жар болсын!
Бағың жанып, қораңа
Қарақұрым мал толсын!
Жеген асың ақ май мен
Қазы, қарта, жал болсын!
Елдің сөзін сөйлесең,
Жүгінерің ар болсын!
Әсте жапа шекпегін,
Жақсылықты тектегін!
Елің сені жебесін,
Ауып алыс кетпесін!
Қатар жүріп, жұп жазбай,
Көксегенің көктесін!..


Абыз бабаның тілеуін Құдай қабыл етеді. Бәйсейіттің атақ-абыройы күн санап өседі. Жауды жайпаған батырлығы аңызға айналады. Ел-жұрты өзінің қорғаны санайды. Ұрпағы өркен жайып, тұқымы мол тарайды. Байлығы тасады, қайырымдылығы асады. Бұл ісі елін сүйсіндіреді. Халқының амандығын қорғап, өмір бойы қолынан найза, белінен қылыш, тақымынан ат үзілмейді. Жауына есе-кегін жібермей, жағаласып,
шайқасып өтеді. Елі аман болып, мұратына жетеді.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы