20.08.2021
  1255


Әттең, шолақ дүние-ай (қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы)

Ақын тілімен айтқанда, «Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа». Сондай сиректердің бірі Ғалымжан Нұрышев ініміз еді. Оның жарқын дүниемен мезгілсіз қоштасуы бұрынғы халық жоқтауларында айтылатындай:


Басына жастық қоя алмай,


Аузына сусын тоса алмай,


Көңілін сұрап бара алмай,


Ақ дидарын көре алмай,


Қапыда кеткен дүние-ай, —


дегізіп, артында қалған қалың елді мұңға бөлеп, бел қайыстырған ауыр қаза болды. Қас пен көздің арасында бәрімізді күйзелтіп, ел-жұртын егілтіп көз жұмды.  Парасат жеңсе — адам періштеден жоғары деген бар. Ақ пен адалдан жаралған азамат еді, періште пішіндес еді.


Билік тізгінін ұстап абырой-беделге ие болған, елін сүйген, елі сүйген тұлғаның қазасы бір отбасының не бір аймақтың емес, тұтас ұлттың азасы болмақ. Бұл қазаны да халық осылай қабылдады. Жүрегімен жылап қоштасты.


Кешегі күннен жүйрік жоқ. Марқұмның қырқы да келіп қалыпты.


Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы,


Біз оны көп айтармыз жоқтап әлі, —


деп бір кезде ұлы тұлғамыздан айрылғанда Әбділда ақын жырлағандай, біз әлі Ғалымжанды талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын боламыз.


«Азаматты кебенек ішінде таны» деген халық даналығы бар. Ғалымжанды алғаш көріп танысқанда-ақ мен оның тегін азамат емес екенін танығандай болдым. «Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Мінезі мен сөзі жұмсақ жігіттің құлпы жібегі екен.


Келген кісіні құшақ жайып қарсы алып, қоштасарда төресіп шіренбей, есік аузына дейін шығарып салуы бөлек бір тәрбие мектебіндей Ғалымжан басқарған институттың үлкені мен кішісі, ұстаздары мен шәкірті бірдей жаныңнан сәлемдеспей өтпеуі басқа институт қабырғаларында кездесе бермейтін кішіпейілдік, ректор көрсеткен үлгі-өнегенің куәсі болса керек.


Несін жасырамыз, біздер аға буын өкілдері, бүгінгі ел билігінің тізгінін ұстап отырған інілеріміздің бойынан кешегі өткен аруақтар, ата-бабаларымыздың ғажайып адамгершілік қасиеттерін, білік-парасаттарының жалғасын көргіміз-ақ келеді. Көбіне бекер дәметеміз, кейбіреуінің сазарып шірене қалған тас мүсін қалыптарын көргенде көңіл құлазиды. «Менің жаным ашиды мына өмірді өтпейтіндей көретін адамдарға» деген ақын өлеңінің мағынасын сәл өзгертіп айтсақ, әлгілердің өздерін тақтан түспейтіндей сезініп ұстауларына шынында жаның ашиды. «Ұлық болсаң кішік бол, халық үшін бәйек бол» деген олар үшін жазылмағандай.


Мен Ғалымжан інімнің бойынан сол іздеген, дәметкен жақсы қасиеттерді таптым. М.Қашқаридай беделді ғұламаның сөзіне құлақ түрейік. «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішілік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке  ие» деп жазған еді ол. Ал біз — сол түркі жұртының бүгінгі ұрпағымыз. Міне, арғы тегімізден келе жатқан осы аталған жан семірерлік жақсы қасиеттердің бәрі Ғалымжанның бойынан да, ойынан да табылатын.


Менің бәйбішем жоғары оқу орнында сабақ береді. Мұнда билік айтушылар көп болады екен. Бас-басына би болған жерде дікеңдеу, зіркілдеу басым. Проректор, кафедра меңгерушісі, курс жетекшісі және басқалары ғылыммен айналысыңыз деп маза бермегесін әйелім жасы келіп қалғанына қарамай кандидаттық диссертация қорғауға мәжбүр болды. Оны Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қорғау ұйғарылды. Осы жұмыс үстінде байғұс әйелім инемен құдық қазғандай күй кешті. Қорғататындар үміткерлерді жалынтып, сабылтып қояды екен. Атырауға жасаған талай азапты сапарлардан кейін әрең дегенде қорғау күні белгіленді. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Министрліктің тікелей тапсырмасы деген желеумен әйелімнің жұмысы тағы кейінге шегеріліп, кезектен тыс басқа біреу алға түсті.


Мұндай қаным қайнамас. Көрер көзге жасалған қиянат пен әділетсіздікке бұдан әрі төзу мүмкін емес еді. Атырауға әдейілеп барып әлгі пысықайлардың сыбағасын сөзбен беріп қайтайын деп бекіндім.


Бармауыма Ғалымжан інімнің басу сөзі себеп болды. Сабама түсірген де — өзі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Мені қасына алып отырып Атырауға телефон шалды. Әуелі сондағы диссертациялық кеңестің хатшысы Ж.Хасанова ханымды біраз қысып алды. Бұрыннан сыйлас әріптестер секілді емін-еркін сөйлесті. «Менің жақсы көретін қадірлі жеңгемді неге ренжіте бересің. Келесі кезекте бірінші қарайтын болыңдар»,— деп шегеледі.


Ашқа тартқан кешке тартады деген рас. Әне-міне деп тұрғанда санын қысқартамыз деген желеумен Білім және ғылым министрлігі республикадағы 176 диссертациялық кеңесті түгелдей уақытша жауып тастады. Мұндай кеңес енді Атыраудан ашыла ма, жоқ па, ол жағы және беймәлім. Сөйтіп алаңдап жүрген күндердің бірінде, арада төрт-бес ай өткенде Ғалымжан інім үйге телефон шалып: «Аға, мен Астанада іссапарда жүрмін. Диссертациялық кеңес Атырау университетінен қайта ашылатын болды. Соны хабарлап сізден сүйінші сұрайын, жеңгемді қуантайын деп телефон шалып тұрмын», — десін. Міне, жігіт! Бұған қалай риза болмассың. Аузыңа май! — деп осындайда айтатын болса керек.


Адамның тірлікте шаруасы біте ме? Бұрынғылар «адамның күні — адаммен» деп тегін айтты дейсіз бе? Қайтыс боларының алдында ғана бір шаруамен Ғалымжанға және бардым. Ертерек барсам керек, әлі келе қоймаған екен. Көмекшісі кіріп-шығып жүр еді. Бір кез маған келіп: «Аға, ректормен жаңа ғана сөйлестім. Сіздің келіп отырғаныңызды айттым. Кешігіңкіреп келемін. Ағай ұзақ күтіп қалар, қайта берсін. Өзім телефон арқылы хабарласамын деп айтты», — дегені.


Институт ғимаратынан шыға бергенде осында сабақ беретін жақсы бір танысымды кездестіріп, сұрағасын жөнімді айттым. Одан «Босқа дәмеленбей-ақ қойыңыз. Ректор телефон соқпайды» деген қатал үкім естідім. Шамасы, мені қомсынған болу керек.


Сонан екі сағаттай уақыт өткенде телефон қоңырауы сыңғырлап қоя берді. Ар жақтан: «Аға, мен Ғалымжанмын ғой» деген інімнің майда қоңыр үні естілді. Мен кәдімгідей марқайып қалдым.


Адам — көңіл мен сыйлағанның құлы. Мен Ғалымжанның қатардағы көп ағаларының бірімін, оның үстіне зейнеткер дегендей, елемеуіне болар еді. Соған қарамастан ініміздің ізет-құрметі жоғарыдағыдай.


Тұрмағанбет шайыр дұрыс айтады: «Аға — деген ұл-қызды жаным десе болады». Оған қоса мақтауға лайық жігіт, тектілігі зор азамат қой.


Жылнамалар бізге жеткізді. Қазіргі жыл санауымыздың басында өмір сүрген император әулие Тит (Тит Флавий Веспасиан) ешкімге жақсылық көрсете алмаған күні кәдімгідей қамығады екен, жарықтық.


Біздің Ғалымжан ініміз де кісіге жақсылық жасай алмаған күнін босқа өткізгендей сезінген болар деп топшылаймын.


Сен де сүйдің халқыңды,


Бір-бірінен кем көрмей.


Халқың сүйді сені де,


Ешбір жанға теңгермей, —


деген жолдар Ғалымжандай асыл азаматтарға арналса керек.


Дана Абай атаған жігіттің үш қасиеті: «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» Ғалымжанның бойына туа біткен парасаттар деп білемін. Ал күллі адамзат данышпан деп дәріптеген Конфуций айтқан: «Байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірбандылық  — асқан адамгершілікті көрсететін бес қасиет» бес қаруын асынғандай ініміздің өмірдің өзінен түйген тәлімі дер едім.


Амал не, жақсылардан бата алған, ақылымен жол тапқан, бес елі бағыменен ел тапқан патша ұлындай  тұрпатты тұлға дүниеден жарқыраған құйрықты жұлдыздай мезгілсіз ағып өтті. Иманы жолдасы болғай.


Дара дауысты әнші-ақын Табылды Досымовтың:


Ерліктері айналмайтын елеске,


Атыраудың алыбының бәрі есте, —


дегені бар еді. Тауып айтқан. Сол есте ұзақ сақталатын ерен тұлғалардың бірі — біздің Ғалымжан Нұрышев ініміз.


Н.ҚАРТБАЙҰЛЫ,


Қазақстанның Құрметті журналисі




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу