19.08.2021
  1055


Автор: Ақселеу Сейдімбек

КАРАКӨЗАЙЫМНЫҢ ДИУАНА БОЛУЫ

Арада аттай жеті жыл өтті, Алпамыс жатқан құпия зынданды Қаракөз сұлу таба алмай-ақ қойды. Бірақ атар таңын үмітпен атырып, бір сәт күдерін үзген жоқ.


Күндердің бір күнінде Кейқуат әдеттегідей серкелерін соныға жайып, өріс ауыстырған еді. Бұл кезде, ен жайлауда еркін жайылған серкелер кішігірімжылқыдай болып серейіп, әбден семіріп алған. Ешкі малының ежелгі әдеті — жілігіне май бітсе, жардан секіріп ойнайды. Сол әдетпен бүгін де өрісте кездескен төмпешікті төңіректеп, бірін-бірі сүзіп, асыр сала секіріп кетпей қойған.


Малшы үшін алдындағы малдан басқа ермек жоқ. Кейқуат та серкелердің сүзіскенін қызықтап отырған. Кенет... кенет көз алдындағы қоспақ мүйіз көк серке бақ ете қалды да, суға батқандай жоқ болды. Үрейі ұшқан Кейқуат жалма-жан жүгіріп келіп қараса, қазан аузындай болып үңірейіп жатқан шыңырау зындан.


Малшы да болса Кейқуат ел ішінің жағдайына құлақ түріп жүретін. Алпамыстың осы өңірдегі құпия қазылған зынданға тасталғанын естігені бар. Қазіргі сәтте аяқ астынан қарая үңірейген шыңыраудың ішінде Алпамыстың жатқанына еш күмәні жоқ еді. Алғашқыда өзінен өзі тіксініп,


Алпамыстың ел-жұртқа әйгілі алапатынан шошып қалды. Бірақ жеті жыл зынданда жатқанда, дәл қазір қайдан шыға келсін деген ой көңілін орнықтырды да, шыңырау ернеуіне тақала түсті.


— Ей, Алпамыс!— Кейқуаттың даусы зындан ішін күңгірлете қуалап кетті... ...Бұл кезде Алпамыстың қуанышында шек жоқ еді. Жеті жыл бойы нан тасыған қоңыр мысықтан басқа тіршілік иесін көр.меген, енді, міне, ойда жоқта өзінің атын атаған адам даусы көңіліне үмітке қоса қуаныш ұялатып үлгерген.


— Ау, бұл қайсың?—деді Алпамыс. Даусы жарықшақтанып, зындан ішін жаңғырықтырып жіберді.


— Менің атым — Кейқуат. Қаракөзайымның серкелерін бағушы едім. Мына кебенек келгірлердің бірі түсіп кетті, шыныменен Алпамыс болсаң, шығарып . берші.


Алпамыс Кейқуаттың бұл сөзінен арнайы құтқаруға келмегенін, ойда жоқта тап болғанын білді. Сонан соң ойлана отырып тіл қатты.


— Кейқуат,—деді ол,— сені маған құдай кез қылған шығар. Тілімді алсаң, күніне серкеңнің біреуін беріп, мені бағып-как. Амандык болып шыңыраудан шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін.


— Өйдөйт дерсің!—деп Қейқуат қыжырта күліп алды.— Жеті қат жер астында жатып менің қамымды жегенше, өзіңнің өлмес күніңді ойласаң еді... Тапқан екенсің ақымақты... «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген, сенің бұл күніңді өзіңе көп қылайын Кейқуат шынымен-ақ ашуланып, зындан аузында жатқан диірмен тасты итеріп жіберсін. Ауыр тас шыңырауды бойлай заулап жөнелді. Бірақ Алпамыстың құдіретін Кейқуат дәл осы сәт өз көзімен көріп еді.


Жұлдыздай сорғалап келе жатқан диірмен тасты Алпамыс қағып алып, кері лақтырған. Атқан оқтай зу етіп зындан аузынан шыққан тас Кейқуаттың басынан асып барып, анандай жерге дүңк ете түсті. Кейқуаттың көзі бағжаң етіп, зәресі ұшып кетті. Аздан соң қорқынышын баса отырып, ойға қалды.


«Шынында да, бұл тегін жан емес екен,— деп ойлады,— жеті жыл жер астында отырғандағы тегеуріні мынадай. Азат ғұмыр кешсе, қандай болмақ! Мұндай асыл ер екі сөйлемейді деуші еді ғой... Бәрібір мен қимайтындай бұл тіршілігімде не рақат көріп жүрмін. Малмен бірге өріп, бірге жусаған тірліктің несі қымбат дейсің... Тәуекел, осының айтқанын қылайын, өлсем, өкініші жоқ өмір ғой, өлмесем, жақсылығын көрермін». Кейқуат осы оймен тәуекел етті де, Алпамысқа уәдесін берді.Уәде бойынша, күн сайын осылай қарай серкелерін өргізіп шығып, бір-бірден тастап кетіп отырды. Жүз күн деген немене, әне-міне дегенше өте шықты.


Жүз серке де таусылды. Осы кезде Кейқуат:


— Ал, Алпамыс, серке таусылды, ендігі тірлік не болады? — деп сұрады.


— Қам жеме, Кейқуат,— деді Алпамыс,— мен серкелердің мүйізі мен қабырға сүйегінен сырнай істеп қойдым. Сен сол сырнайды қыздарға естірте тартатын бол. Әрине, мұны қайдан алдың деп сұрайды. Сонда қыздарға сездіріп алмай, тек қана Қаракөзайымға айтарсың.


Қелер күннің қандай сыбаға тартарын Кейқуат білмесе де, Алпамыс батырдың алысты ойлаған ақылына еруді жөн көрді.


— Мақұл, Алпамыс, айтқаның орындалады,— деп, уәдесін берді де, ғажайып сырнайды сарната тартып үйге қайтты.


Есіз далада жеті жыл қаңғырып Қаракөздің соңынан ерген Кейқуат кейде бұл тірлігіне ыза болатын. Мұнысы несі екен деп таңданып та қоятын. Енді, міне, бұл мінезінің сырын түсінген сияқты. Қаракөзге орайын тауып сырнайдың жайын сездіруі мұң екен, ханның қызы қуаныштан қолды-аяққа тұрмады. Біресе күліп, біресе жылап, біресе жалынып, зынданды көргенше, тағат таппады.


Кейқуат та кергіп, жеті жылғы сергелдеңінің есесін дәл осы сәт қайтарып алғысы келгендей бұлданып бақты. Тіптен былай шыққан соң: «Шаршадым, арқаламасаң жүрмеймін»,— деп қиғылық салды. Қаракөзайым бұған да көнді. Содан Қейқуаттың әбден ойыны қанып, қалжырап шаршаған кезде Алпамыс жатқан шыңырауды әзер көрсетіп еді. Аңсап, зарығып жеткен Қаракөз алдымен тіл қатты.


— Алпамыс, бармысың?!


— Бармын.


— Бұл күнге жеткізген тәңіріме мың да бір шүкірлік. Сенің жолыңда жүргеніме жеті жыл болды. Таптым-ау, әйтеуір,— Қаракөз өзінің егіле сөйлегенін оғаш көргендей бөгеліп барып, қайта тіл қатты,— оның несін айтайын, онан да сені қалай шығарып аламын, ақыл бер маған.


— Сен мені шығара алмайсың. Шұбар атым қайда?


— Атың әкемнің қолында, жеті кез темір үйде қамаулы. Күзеті де қатал, мен ол үйге жақындай алмаспын.


— Оның бір ақылы бар,— деді Алпамыс,— сен менің жеті жыл терім сіңген қамзолымды ішіңнен киіп ал, шашыңды түй, сонан соң диуана болып барып, орайын тап.


Бұл сөз Қаракөзайымның көкейіне қона кетті. Кешікпей-ақ, Алпамыстың терісіңді қамзолын ішінен киіп, сыртынан диуанаға лайық киімдер киіп, қолына аса таяғын ұстап жүріп кетті. Сол бетінде хан ордасына барып, Байшұбар қамалған темір құрсауды екі-үш рет айналып еді. Айналған сайын жел жағына шықса болды, шұбар ат осқырынып, жер тарпып, темір құрсауды күңгірлетіп жіберді. Жануар, бір мезгілде әбден шыдамы таусылғандай арқырап бір кісінеп алды да, құрсаудың күл-талқанын шығарды. Күзетші қалмақтар бұл шұбарға не болды деп, зәрелері ұша тым-тырақай қашты. Байшұбар болса, темір құрсаудан құтылысымен, оқырана шұрқырап диуана Қаракөздің жанына келді де, қолтығына тұмсығын тықты. Алпамыс иесінің иісіне де зар болғандай, әбден сағынып қалыпты. Маңайына тірі жанды жуытпай қойған Байшұбардың бұл қылығын көргенде, Тайшық ханның таңданысында шек болмап еді.


— Ей, Диуана!—деді Тайшық хан,— сен Алпамыстың өзімісің, жоқ әлде көзімісің?! Мына шұбар ат неғып саған үйіріліп қалды?


— Хан ием-ау, Алпамыс менен он есе үлкен емес пе!—деді Қаракөз, даусын да танымасын деп, қасақана өзгертіп шығарды.— Бұл шұбардың маған үйірілетін реті бар. Ілгеріде Жиделібайсын жерін жайлаған Қоңырат елінде болғанмын. Сонда осы шұбар ат құнан еді, өзіне ит тиіп ауырып, өлім халінде жатыр екен. Мен үшкіріп жазып кеткенмін. Жылқы малы есті ғой, жануар, енді, міне танып, мұңын шағып тұрғаны ғой.


Тайшық хан қарсы алдындағы диуана болып келіп тұрған өз қызы Қаракөз екенін сезген жоқ. Тіптен диуана-Қаракөздің айтқанына еш күмәнсіз сеніп, басқаша шырай танытып еді.


— Олай болса, — деді Тайшық хан, — осы шұбарды үйретіп бер. Сені бізге құдай айдап келген шығар.


— Мақұл, айтқаның болсын. Тек мұндай пырақты үйрету үшін маған қырық арқан, қырық қойдың құйрығы және Алпамыс батырдың қару-жарағы керек. Сонан соң жеті күн мұрсат беріңіз. Сегізінші күн дегенде көшеге шықсаңыз, бұл шұбарды алдыңызға көлденең тартайын.


— Келістік, айтқаның орындалады! — деді Тайшық хан. Даусы да бөлекше сергек, көңілді шықты.


Диуана кейпіндегі Қаракөз болса: «Қайтейін, әкетай, көзсіз көбелектей ғашықтық отына өртенген мен бір бейбақпын, мұнан басқа шарам жоқ, оның үстіне іштен шыққан балаң екеніме қарамай мыстанның таз ұлына қиып жібергенің көкейімнен кетпейді. Қыз бейбақтың көрінгенге қрлжаулық болуы оп-оңай екен. Бүйтіп қор болғанша, жүрек әмірімнің күңі боп өлейін», — деген оймен Байшұбар атты жетектеп кете барды.


Байшұбарды ордадан алып шыққан Қаракөз кешікпей-ақ шыңырау зынданға келіп еді. Қазіргі сәтте әкесін алдап, өлім тұзағын құрып кеткеніне егіліп, көзінің жасын ішке жұтып жүрсе де, көкірегін екінші бір сезім ойнақ салып, Алпамысты көруге асықтырғандай. Осынау екі дай сезім шарпуында Қаракөз тәуекел етіп, ғашығының жолында құрбан болсам да, өкініші жоқ деп түйініп алған.


Сол ниетпен зындан аузына келген бетте Байшұбардың беліне арқан байлап, оның бір ұшын Алпамысқа тастады. Алпамыстың да тағатсыздана күткені осы сәт. Төбесінен салбырап жеткен арқанды «иә, сәт!» — деп қолына ұстады. Іле беліне байлап, тарт деп белгі берді. Байшұбар ат та лып етіп, төрт тағанын жерге сіңіре мықшиып, жер түбінде жатқан иесін саумалай көтере берді.


Бұл кезде Қаракөзайым да қуаныштан дүниенің бәрін ұмытып, бар тілегі Алпамыстың үстінде болып, ет жүрегі бұлқына соғып қоя берген. Кешікпей-ақ Алпамыс дік етіп сыртқа шықты. Қаракөзайым қуаныштан көз жасын мөлт еткізіп, батырдың құшағына енді. Жеті жылғы азаптан құтқарған Қаракөзге, оның тайғанақсыз тәуекелшіл ер мінезіне, адал сезіміне деген Алп&мыстың да ықылас-пейілі аққұла ерекше болатын. Сонан соң да, қазіргі сәтте құшағында тұрған Қаракөзді бауырына тартып, шыншыл пейіл үстінде ақ тамағынан аймалай сүйіп еді.


Бұл кезде адамнан есті Байшұбар да иесін көріп, шұрқырай оқыранып алды да, тұла бойы қуаныштан шымырлап кеткендей үш секіріп, үш түсті.


Алпамыс пен Қаракөзайым құшақтары жазылмастан, Байшұбарды жетектеп оңаша отауға келді. Осы жерде жас батыр жеті күн бойы тынығып, Қаракөзайыммен армансыз ойнап-күлді.


Сегізінші күн дегенде жау-жарағын сайланып: «Тәңірім!»—деп атқа мініп еді...


... Бұл жағдайды ордасында жатқан Тайшық хан да білген. Қапыда алданып, өзіне-өзі дұзақ құрғаны бір қинаса, іштен шыққан перзенті Қаракөзайымның жат болып, дұшпанына қиып кеткені екінше жағынан ішін мысықтай тырнаған. Соған әбден булығып, Алпамыстың енді аямайтынын біліп жаны түршігіп, өз жағасын өзі жыртқан. Өгіздей өкіріп, басын таққа соққан.


— О, Тәңірім! Осынша қаһарыңа ұшырайтындай не жазып едім!— деп қатты күйінген.


Бірақ құр күйінгенмен енді ештеңе өнбейді, әрі-беріден соң сабасына түсіп, жарлық беріп .еді. Әп-сәтте керней-сырнай тартылып, қырық қақпалы қалаға тегіс хабар берілді. Хабар бойынша сол күні сәске түсте хан алаңына жүз мың әскер сапқа тұруы керек болды. Хан жарлығы екі айтылмайды, сәске түсте жау-жарағы жарқылдап, жүз мың әскер хан алаңын кернеп кетті. Тайшықтың алтын тағы сыртқа шығарылып, жауынгерлер сапының қарсы алдына құрылды.


Осы кезде орда есігі айқара ашылып, қабағынан қар жауғандай түнерген Тайшық. хан көрінді. Сол сұсты қалпы серпілместен томаға тұйық кейіпте таққа келіп отырды. Іле аш қырандай шаңқ етіп тіл қатты. Үнінде өлім мен өмірдің біріне ғана бел буған ширығу бар. — Уа, менің балуан батырларым! Көп кешікпей шаһарымызға Алпамыс батыржелуге тиіс. Бұл — осыдан жеті жыл бұрын түсіме кіріп, астымыздан су шыкХандай дүрліктіретін жас жігіт. Ол жолы мыстанның ақылымен алдын алып, зынданға салып, көңіл жайлап едік. Енді, міне, орайын тауып тағы сытылып шыққан жайы бар. Ата-бабамыздың салты бойынша, жалғыз шапқан жауға алдымен кезегін беріп, жекпе-жекке шығуымыз керек. Ол да сендер сияқты анадан туған, адамның баласы. Кәне, қайсбің барсың, дұшпаныма қарсьгтұрып кегімді алып беретін, қабырғасын қаусатып, табаныма салатын?! Алпамысты жеңгеннің тек сүйіншісіне ғана астындағы шұбар тұлпарды беремін...


Тайшық ханның сөзі бітер-бітпестен, қалқанын күрзісімен даңғыр еткізіп, бір батыр саптан жұлқына шықты. Бұл Тайшық ханмен қатар өскен жолдасы — Таймас батыр болатын.Таймас десе дегендей, осы уақытқа дейін дұшпанынан тайсақтап беті қайтып көрмеген. Сонысына лайық өзінің де ерге сай тұлғасы бар еді. Тек қолындағы күрзісінің өзі отыз батпан алмас болатын. Талай қанды шайқаста арыстандай ақырып алдыға шығып, дұшпанның апшысын қуырып, жеңістің туын желбіретіп қайтатын.


— Оу, хан ием!—деді Таймас,— тек, сүйіншіге Шұбарды тіксең, басқа сый дәметпей-ақ қояйын. Алпамыспен белдесуге рұқсатыңды берсең болды, айтқаныңды істейін.


— Мақұл!—деді Тайшық хан.


Аруақ, аруақ!—десіп шу ете қалған қалың қол қырық қақпалы шаһарды дүр сілкіндірді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу