Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  137


Автор: Қалижан Бекхожин

Ашыдым мен сен үшін, Алабама!

Алатаудан ашындым,
Алабама алыстағы теңселді.
Ал айбынды тауымның ашуын,
Мойыл қара бауырым,
Езді ғой ақ тас еңсеңді.
Қырымда мен ашындым,
Қырдай кеңдікті саған берсем деп.
Алабама,
Қарақаттай жас ұлың
Телмірді маған
Темір тордан кемсеңдеп.
Мектептен келді қызым ызалы:
«Ит талады негрдің жас баласын,
Иттер неге адам заңын бұзады?
Ит билей ме Бирменгемнің қаласын?»
Иә, солай,
Ақ иттер көп АҚШ-та
Қос аяқты,
Қара қанды,
Қабаған. Солар —
Түскен азаттықпен атысқа.
Солар —
Том ағайды,
Джон ұланды,
«Қарасың» деп сабаған.
Итпен бірге
Солар ит боп талаған.
Уоллестің жұлар едім шашын мен.
Бірақ
Тыңда, қызым,
Тыңда, тауым,
Тыңда, жер:
Том ағай да,
Джон ұлан да,
Көтерілді ашумен.
Тыңда, көр:
Қара Алабама
Буырқанды
Қызу қанды жасымен.
Алабаманың
Қара мойылдай қатқан көп жасы бар.
Олардың қолдарында
Алабаманың қара тасы бар.
Олардың жүрегінде
Қара мұнайдай жанған намысы бар.
Ащы айғайында
Поль Робсонның
Мұхитты тебіренткен даусы бар.
Қызу қанды жастар
Қара мұнайдай лауласа,
Мұхиттың жағалауын
Жалынымен қаусырар.
Том ағай да ереуілге шықты,
Сұм қорлықтан
Көтерілді негрлер.
Масқара боп әлемге,
Азаттыққа,
Айтақтама итіңді,
Ажал түсті жебірлер.
Олар —
Мойыл түсті бауырлар
Азаптың ащы кегімен құрсанған.
Америка анасының құрсағы
Жөргегінде
Жүректеріне мұң салған.
Олар Алабаманың топырағын
Қан терімен суарды.
Теңдіктің қасіретін ойлап,
Қарт негрдің
Көз жанары суалды.
Өз жерінің
Жұтуға еркін күн лебін
Иіскеуге гүлдерін,
Қара бұйра шашты ұландар
Азаттық әнін шырқап,
Қолдарына ту алды.
Ей, ақ кебіндей ақ түстілер,
Уоллестер,
Аюдай қара күштілер,
Том ағайлар ашынды,
Жалын жұтып,
Жас Джондар ашулы.
Мейлі енді
Иттеріңді абалат,
Азаттыққа қарсы үргенге
Күллі адамзат
Айтар бүгін лағанат!
Мен де ызалымын,
Уоллестердің жұлар ем шашынан,
Сонау ит талаған
Қошақандай қара бұйра ұлдар үшін,
Алатаудың басынан
Алабұртып мен де ашынам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу