Өлеңдер ✍️

  06.08.2021
  164


Автор: Сағи Әбілхасенұлы

Заман-ай!

Қилы-қилы заман-ай,
Өзгерді қазір талабы-ай.
Еркіне көшті халықтың,
Күн көрістің амалы-ай.

Жабамыз кімге жаланы-ай,
Туындап жатыр ғажап-ай.
От пен судан апаттан,
Талайдың болды ажалы-ай.

Соқпайды кәусар самалы-ай,
Даланың кетті ажары-ай.
Тартылып өзен-дария,
Қажетке қалды жарамай.

Алды-артына қарамай,
Ашылды жемқор араны-ай.
Тосқауыл қояр бұларға,
Жазаның күшті шамалы-ай.

Қарасаң әділ бағалай,
Жүйріктің қалды шабаны-ай.
Мәз боламыз есектен,
Мәстек озса уралай.

Шошисың кейде қарадай,
Ішің оттай жанады-ай.
Кісі өлтіру, үй тонау,
Әр аптаның хабары-ай.

Тәңірдің болар жазғаны-ай,
Бермейікші қазбалай.
Халыққа деген қамқорым,
Алынса екен назарға-ай.

Жақсылық түбі болар-ай,
Жоқтың орны толар-ай,
Бәрінен бұрын керегі,
Тыныштық болса қоғам бай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу