Өлеңдер ✍️

  06.08.2021
  179


Автор: Сағи Әбілхасенұлы

Тіл тағылымы

Тіл арқылы өтелер,
Рухани қажетің.
Өнеге алар өзіңе,
«Тыңдамасаң сөз жетім».

Көңіліңді көтерер,
«Жақсы сөз- жарым ырыс»-қой,
Беделіңді түсірер,
Жаңсақ пікір, жымысқы ой.

Өсек айтып соңында,
Көрме бірің біріңнен
Сақ болыңдар, ағайын,
«Басты бәле- тіліңнен».

Сөзге тоқтау қашаннан,
Алға қойған шартымыз,
«Бас кессе де тіл кеспек
Жоқ», дейді екен халқымыз.

Тезге салса қисықты,
Жөнге түсіп кетеді.
Орынды егер айтылса,
«Сөз сүйектен өтеді».

Даурығып көп нәрседен,
Жүр екенбіз кеш қалып,
«Аз сөз- алтын» дегенді,
Ұмытпайық еске алып.

Аңдап сөйле ортада,
Үлкен менен кішіге,
«Сөз тапқанға қолқа жоқ»
Көпшіліктің ішінде.

Жеңемін деп біреуді,
Сездірме жай- күйіңді.
«Тоқсан ауыз сөзіңнің»
Болмаса егер түйіні.

Ұлағатты сөз жайлы,
Бұл айтылған үзік сыр.
Таразылап байқасаң,
«Өнер алды - қызыл тіл».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу