Өлеңдер ✍️

  05.08.2021
  135


Автор: Есенғали Раушанов

Шоқанның елге келуі

Жүдеп жүрген кезі еді ойлап елді,
Шоқан бірде ауылға тойға келді.
Сары қымыз, саф ауа, бағлан еті,
Темекі мен шарапты қоймақ енді.

Күмбір-күмбір, күмбір су, күлгін алап,
Күлгін бояу көшеді қырды қамап.
Туған ауыл, туған тіл, тума-бауыр...
Ауру жүрек шым етті, тұрды қонақ...

Қапелімде айрылып сабырынан,
Қыз қадалды боз үйдің жабығынан.
Қара бала, қара шал, қара кемпір -
Әрі таныс, әрі жат бәрі бұған.

- Бәріңді де сүйем мен, - деді кенет,
Күлді кемпір:
- Төрем-ау, мені ме? - деп.
Тұнық кезін іздеді ол тұма кешіп,
Құлын кезін іздеді ол желіге кеп.

Тау жаңғыртып дауысы құлан ащы,
Қайран Шоқан құшақтап тұл ағашты:
- Сол күнімді қайтар, - деп айғай салды,
- Алғам жоқ, - деп асаба тұра қашты.

Алғам жоқ деп ол қашсын тұра келе,
Гуледі сөз ауылдан шыға бере:
- Атақты ұлы осы ма атекемнің,
Шоң деуші еді,
Жынды ғой мына неме!!!

Сыпсың, сыпсың, сыпсың сөз ел арасы,
Төрде жатып ойланды төре басы.
- Мырзам, ұят болды ғой, - деді жеңге,
- Қала адамды бұзады, - деді ағасы.

Пәуескенің соңынан жүгіріскен
Ел-жұртына қарамай, тынып іштен,
Ертесіне калаға қайтып кетті,
Дала жатты миықтан күліп үстем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу