Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  105


Автор: Сайын Назарбекұлы

Аққулары – Ақтаудың, Атыраудың

Қызықты ма Атырау айдынына,
Қайдан көшiп, кереге жайды мұнда?
Апырым-ай, не деген ырыс едi,
Жаным жайлау, орын жоқ қайғы-мұңға!
Қызық күнiн тойлай ма, тәттi күнiн,
Тым ерекше гәккулеп жатты бүгiн.
Қанатының астында арман отау,
Аққу құстың белгiсi пәктiгiнiң.
Қызыл шырай, қара көз, қара сирақ,
Қара әппақ денеге, қара, шырақ!
Мiнсiз сонша табиғат мүсiндеген,
Қастерлеген, па, шiркiн, дара сыйлап!
Қаракөз қыз, ақ тонды, қара етiктi,
(Уыздай ғып, ғажап-ай, жаратыпты)
Уатып тұр жем берiп құс аруын,
Уылжыған өзi де дара тiптi!…
Аққулары Ақтаудың, Атыраудың,
Қызға, құсқа, көңiлiм, қатар аудың.
Сағынғаннан сiздердi жүрегiмде
Ендi, сiрә, айықпас жатар-ау мұң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу