Өлеңдер ✍️

  23.07.2021
  142


Автор: Сәкен Иманасов

Бір күніңнен қызығырақ бір күнің

Бір күніңнен қызығырақ бір күнің,
жаралғалы жұмақ еді тірлігің.
Қыл көпірден қапелімде тап болған,
құтқарады қай құдірет, кім бүгін?
Бірімін деп жүруші едім ұлдының,
қапелімде жұлынымды жұлды кім,—
Қайдағы бір жат егестің үстінде,
қалай ғана қателестің, құлдығым?!
Көкірегімді көміп салып ақ қырау,
күннен-күнге өрши түсіп жатты дау.
Жамандықты жалғандықтан айырмай,
бәрін-бәрін аңғалдықтан таптың-ау!
Жазылмастай жүректегі дерт енді,
ішім түгел күйіп-жанды, өртенді,
Жұрт алдында жаси бердім, жарығым,
қиналғаннан қаси бердім желкемді,
Алдына да барып Олжас, Мұхтардың,
қыл тұзақтан келді-ау сені құтқарғым.
Қапелімде қателескен балғынның
қапастағы қасіретін ұққан кім?!
Барлығын да біледі ғой былтырғы ел,
қаламдасқа қол созғанын кім тілдер —
Сөз өтпеді, безектеді, қайтейін,
ұлтым дейтін,
жұртым дейтін шіркіндер!
Халімді елеп қайта қойсын ел менің,
жаны бөлек өлмейді екен,—
өлмедім!
Тозаққа да түсіп көргің келді ме,
жаралғалы жұмақ еді көргенің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу